
Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздің туризм саласын дамытуға арналған маңызды отырыстардың бірі өтті. Президент осы жиында Маңғыстау облысының туризмін дамытуға арналған бірқатар тапсырмалар берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаевтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін өңіріміздің туризм саласын дамытуға арналған біршама жұмыстар атқарылған. Алайда кейбір жоспарлардың жүзеге аспай қалуына инфрақұрылымның дайын болмауы себеп болған.
- Өңір туризмін дамыту үшін ең әуелі инфрақұрылымды дайындап алуымыз қажет. Осы бағыт бойынша оның алдында істеліп жатқан жұмыстарымызды тағы да жандандырып, күшейтіп, қаржысын ұлғайтып, үлкен жоспар құрып жатырмыз. Президенттің жиында айтқан сөзі бізге орынды сын болды. Біз осыдан сабақ алып, тез арада жоспар құрып, өз жұмысымызды бастап жатырмыз. Ақтау қаласының бас жоспарын өзгертіп, әсіресе теңіз жағалауын үлгілі шетелдік қалалар Дубай, Баку секілді гүлдендіріп, біршама жұмыстарды жүзеге асырғымыз келеді. Бұның барлығы біріншіден, халық игілігі үшін, екіншіден туристердің қызығушылығын арттырып, экономикамыздың өсуіне үлес қосар еді, - дейді облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Аббат Өрісбаев «Rixos» қонақ үйі өңіріміздегі мықты жобалардың бірі болғанын, сол жобаның арқасында инфрақұрылым пайда болып, орта және шағын бизнес өкілдері теңіз жағасынан өздерінің демалыс орындарын ашқанын айтты.
- Солтүстік жағалаудағы инфрақұрылымды дамытсақ, жаңа демалыс орындары ашылады деген үмітіміз бар. Қаламыздағы теңіз жағалауын жаңартып, заманауи бағытта дамыту үшін қаражат көзін іздестіріп жатырмыз. Инфрақұрылымның ішіне барлығы кіреді: электр қуаты, газ, су, жол мәселесі. Аймақтағы басқа аудандарымыздың потенциалын пайдалана отырып, жаңа жобаларды іске асыруға дайындалып жатырмыз. Тағы бір мәселе, біздің өңір шалғайда орналасқан соң көбінесе ұшақпен ұшамыз. Әуежайлардың санын көбейту үшін ұсыныс тастап, осы мәселені ҚР Көлік министрлігімен бірге пысықтап жатырмыз. Әуежайлардың көп болуы бағаның түсуіне де ықпал етеді. Өлкемізге жолаушылар көп келуі үшін жаңа теміржол вокзалдарын салу үшін жоба жасақтап, қаржы қарастырып жатырмыз, - дейді ол.
Аббат Өрісбаев өзіндік ерекшелігі бар жобалар қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп үшке бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, ұзақ мерзімді, сондай-ақ көп қаражатты талап ететін жобалардың бірі – Кендірлі курорттық аймағының құрылысы. Ал қысқа мерзімді жобаға ақмаржан қала Ақтаудың теңіз жағасын абаттандыру жұмысы жатады.
- Жылыжағажайлар жобасының ұзындығы мен аумағы Құрық ауылына дейін барады. Қазіргі таңда облысымызда су тапшылығы мәселесі бар. Су тұщыту зауытының қуаттылығы артып, жұмысы жүйеленсе, әуелі тұтынушы халықтың сұранысын қамтамасыз етеміз, кейін инвесторлар бұл жобаларды салуға дайын болады деп ойлаймын.
Жыл сайын өңіріміздің табиғи, тарихи, мәдени құндылығына қызығушылық танытып, шетелден келетін туристер саны артып келе жатыр.
- Қазіргі таңда Мемлекет басшысы айтқандай, шетелдік брендтерді елімізге тартар болсақ, туризм саласының сапасын арттыруға ықпал етеді. Осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мұнай шикізаты жоқ, бірақ туризмнің арқасында өмір сүру деңгейі жоғары көршілес мемлекеттеріміз бар. Біз осыған қарап отырып, еліміздің жан-жақты салаларын дамытуымыз керек деп есептеймін, - дейді Аббат Өрісбаев.