Соңғы үш жылда аймақ тұрғындары энергия тапшылығы проблемасына тап болды. Биылғы қыста Ақтау қаласының тұрғындары жылу мен ауыз судың тапшылығын ерекше сезді. Жабдықтарының 80 пайызы тозып тұрған МАЭК энергия кешені белсенді өсіп келе жатқан облыс орталығын қамтамасыз ете алмай отыр. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Үкімет пен Маңғыстау облысының әкімдігіне кәсіпорынды жаңғырту бойынша жұмыстарды бастауға тапсырма берді. Осы уақытта Үкіметтің қаулысымен МАЭК Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілді. Бұл – бюджеттен қаражатының есебінен кәіпорынды жаңғыртуға мүмкіндік берді.
«МАЭК» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Иғалиевтің айтуынша, жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Облыс әкімдігінің резервінен электр станциясының неғұрлым тозған жабдықтарын, тұшыту қондырғыларының сорғы жабдықтарын және дистиляциялық-тұшыту қондырғыларына (БҚҚ) арналған жылу алмасу түтіктерін ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінген. Кәсіпорын электр станциялары мен тұшыту кешені жабдықтарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен жабдықтар мен жиынтықтауыштарды сатып алуға 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуге өтінім жолданған. Қазір ол ҚР Қаржы министрлігінде қаралып жатыр.
- Маңғыстау облысының әкімдігі өнімділігі тәулігіне 24000 м3 тұшыту қондырғыларын салу жобасы бойынша мердігерлік ұйымды айқындау рәсімін жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ауыз су тапшылығын азайту үшін ЦВС-2-де өнімділігі тәулігіне 5000 м3 дейінгі кері осмосты тұшыту қондырғысын орнату жоспарлануда. Маңғыстау облысының энергетика және ТКШ басқармасының тапсырысы бойынша Құйылыс-«Каспий» су тұшыту зауытына дейін жаңа су құбырының жобасы әзірленді. Осылайша, Құйылыс-Бор кен орнынан ЦУВС-2 және «Каспий» тұшыту зауытына дейін жерасты суын сенімді тасымалдау қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта құбырды жүргізу бойынша мердігерлік ұйымды анықтау рәсімі жүріп жатыр, - деді «МАЭК» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев.
Қазір «ЗПД-ЦВС – 2» дистиллят қосымша құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізілуде, ол арқылы тұшыту қондырғылары өндіретін дистиллятты ЦВС-2-ге дейін жеткізетін болады.
Ақтау мен Маңғыстау облысының кәсіпорындары мен тұрғындары үшін электр энергиясы мен жылу өндіретін ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жабдықтарын, сондай-ақ ЖЭО мен ЖЭО тұшыту қондырғыларына арналған буды жаңғырту басталды.
- «Бүгінгі күні №7 ЖЭО-1 қазандық агрегатын жаңғыртуға, жалпы қуаты 100 Гкалл/сағ болатын ЖЭО-1 екі су жылыту қазандығын салуға, №10 ЖЭО-2 қазандық агрегатын жаңғыртуға, конденсациялық турбинаға ауыстыра отырып, №7 ЖЭО-2 турбоагрегатын қайта жаңартуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Құжаттар мемлекеттік сараптаманың қарауында. ЖЭО-2 алаңында бу-газ қондырғысын салуға ТЭН әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, біз ЖЭС аумағында барлық қажетті инженерлік коммуникациялары бар №4 Энергия блогын салу мүмкіндігін қарастырамыз. Аталған жобаны қаржыландыру мәселесін «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ пысықтап жатыр», - деді Мұрат Иғалиев.
Каспий теңізіндегі су деңгейінің қарқынды төмендеуі ауыз судың өндірілуіне де әсер етеді. Өткен жылы «Каспий» тұшыту зауыты өз жұмысын біршама тоқтатты. Қазіргі уақытта ЖЭО-1 су тарту арнасын қайта құру және кеңейту жобасы әзірленуде. Осы уақытта канал құмды-лайлы шөгінділерден жер снарядымен тазартылады.
МАЭК айына 130-180 млн текше метрге дейін тауарлық газды тұтынады. Бұл ретте өндірілетін энергия ресурстарының өзіндік құнының 60% - ы газдың бағасы болып табылады. Кәсіпорын басшылығы "ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭС газды есепке алу тораптарын өлшеу құралдарын жаңғырту" жобасының 1-кезеңін іске асыру шеңберінде газ шығынын есепке алу процесін толық автоматтандыру есебінен тұтынылатын көгілдір отын мөлшерін азайту жоспарланып отырғанын айтады.
«МАЭК» ЖШС – бірыңғай энергия және су өндіретін Маңғыстау облысының елді мекендері мен Ақтау қаласын, сонымен қатар кәсіпорындарды жылу, су және жарықпен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын.
Жаз бен алдағы қыс Мемлекет басшысының кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі тапсырмасының қаншалықты тиімді орындалғанын көрсетпек.