Ақтау қалалық мәслихатының ең жас депутаты Сұңғат Қанаев Ақтаудағы көпқабатты үйлердің тозығы жеткен тұстарын жөндеумен айналысатын қор құруды ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Депутат бұл ұсынысын өзінің facebook-тағы парақшасында жазды. Депутат осыдан бір ай бұрын Ақтаудағы 27 шағынаудан тұрғындарындарымен кездесуде халықтың осы мәселеге алаңдаулы екенін, тіпті қауіпті маңдайшаларды жөндеуден өткізу туралы ұсынысын депутаттық сауал ретінде жолдағанын айтады. Алайда әкімдіктен шаблон жауап келген.
«Ақтаудың құрылғанына 60 жыл болды деп айтып өттім. Мерейлі мереке қарсаңында қаладан реновациялық қор ашуды ұсынамын. Қорға өңірдегі ірілі-ұсақты мұнай компаниялары, кәсіпкерлер, түрлі деңгейдегі меценаттар және қала жанашырлары қаражат құйсын. Қорға жиналған қаражат 60-90 жылдары аралығында шаһарда салынған көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен тұстарын жөндеуге жұмсалуы қажет», - деп жазды депутат.
Сондай-ақ Сұңғат Қанаев тұрғын үйлердегі тозығы жеткен маңдайшаларды ауыстуру жұмыстарына тікелей әкімдік кірісіп, мемлекеттік-кәсіпкерлік серіктестігі тетігін қолданып, жұмыс жүргізуді ұсынып отыр.
«Бұл екінші нұсқа. Жалпы өңірде мемлекеттік-кәсіпкерлік серіктестігі аясында біршама тиімді жобалар іске асты. Мәселен Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданына бейнекамера орнату, өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнына жатақхана салу жұмыстары осы тетік арқылы сәтті жүзеге асты деуге болады», - делінген депутат жазбасында.
Депутат Сұңғат Қанаевтың сөзінше өзі ұсынған 2 тәсілді де Германия, Франция секілді Еуропа елдері әлдеқашан тәжірибеге енгізіп, оң нәтижеге қол жеткізген.