
Норвегиялық радиациялық, ядролық қауіпсіздік агенттігінің (DSA) және Қазақстан энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау, бақылау комитетінің өкілдері Қошқар ата улы қалдықтар көліне барды, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
Тараптар одан әрі ынтымақтастық жасау үшін радиация мен ядролық энергетика саласындағы қауіпсіздік нормаларының сақталуын тексерді.
Қошқар Ата қалдық қоймасы Қазақстандағы ядролық өнеркәсіп қалдықтарын басқаруда шешуші рөл атқарады. DSA және Энергетика министрлігі комитетінің өкілдері радиоактивті қалдықтарды сақтау шарттарымен танысты. Норвегиялық және қазақстандық сарапшылар қолданыстағы тәжірибелерді талқылап, бақылау және қадағалау жүйесін жақсарту бойынша ұсынысын айтты. Ал бұдан әрі келіссөздер Астанада өтеді.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары радиация туралы деректер соңғы рет 2012 жылы жаңартылғанын айтып отыр. Яғни бұл деректер қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтты дейді. Сондықтан мамандандырылған ғылыми сараптамалар мен зерттеу жүргізу керек екенін айтады.