
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша департаменттері Ресей Федерациясының ФСБ Шекара қызметімен және Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп, бірлескен жедел алдын алу іс-шараларының екінші кезеңінің бірінші белсенді фазасын өткізді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шекаралық аймақта 10-нан астам көші-қон заңнамасын бұзушы және 3 кемеде аумақтық және ішкі сулар режимін бұзған 5 адам ұсталды. Сондай-ақ 74 мың метрге жуық тор, 400 метр ілмек торы және 200 ілмек тәркіленді.
«Жалпы салмағы 2256 келі болатын 300-ден астам бекіре мен салмағы 131 кг құрайтын 129 балық табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Құқық бұзушыларға 515 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», - делінген ведомство хабарламасында.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілетін 816 миллион теңгеден астам шығынның алдын алынды. Алайда тәртіп бұзушылар 18 миллион теңгеге жуық шығын келтіріп үлгерген.
Бірлескен жедел алдын алу іс-шараларына «Нұрсұлтан», «Семсер» және «Тараз» шекаралық кемелері, «Ратмир», «Қалақан», «Нұрлы жол» шекаралық катерлері және «Досан- Батыр», сондай-ақ «Кендірлі», «Түпқараған», «Ерқосай батыр» және «Еуразия» шекара бөлімдері қатысты.