
Қарақия ауданының прокуроры Аманжол Айтуғанов ереуілге шыққан West Oil Software жұмысшыларына заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтарын алдын алу мақсатында үндеу жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
- Құрметті West Oil жұмыскерлері сіздермен өткізіліп жатқан ереуіл сотпен заңсыз деп танылғаны өздеріңізге белгілі. Осыған қарамастан сіздер заңсыз ереуілді әлі де жалғастырып жатырсыздар. Бұған дейін сіздерге бірнеше рет мемлекеттік органдардың тарапынан тиісті түсіндірмелер беріліп, әлеуметтік желіде жарияланды. Сот шешімімен заңсыз деп танылған ереуілге қатысуды жалғастырған бірқатар жұмыскерлер мен еңбек шарты бұзылды. Бұл жұмыс берушінің заңмен бекітілген құқығы. Бұдан әрі бұл мәселені келісім комиссиясында қарауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта ереуілді жалғастыруға арандату әрекеті бойынша Қылмыстық Кодекстің 402 - бабымен қылмыстық іс тергелуде, - деді Аманжол Айтуғанов.
Сонымен қатар, прокурор заңсыз ереуіл орнында ағаш үй, шатыр құру, бейнеүндеу жасау және басқа да құрылғыларды табыстау, жәрдемдесу жоғарыда көрсетілген баппен сараланатынын ескертті. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде таратылған жалған ақпараттар Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соғатынын айтып, заңды білмеу - жауапкершіліктен босатпайтынын жеткізді.
-Тағы да ескертемін! Әрбір нәрсені реттейтін заңды жолдары бар. Жағдайды ушықтырмай туындаған мәселелерді бұдан әрі келіссөздер арқылы шешкен жөн. Осыған байланысты заңнаманы мүлтіксіз сақтауға құқықбұзушылықтарға жол бермеуге және арандатушылыққа бармауға шақырамын!, - деді Қарақия ауданының прокуроры Аманжол Айтуғанов.