Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қаладағы блокты-модульді қазандықтардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Қазіргі таңда жылу мәселесі - басты назарда. Осы мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп, шешімін іздеп жатырмыз. Қаладағы жылу жетіспеушілігін жою мақсатында 9 қазандық салынады. Қазіргі кезде бесеуінің құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар осы қазандықтарды қажетті инженерлік желімен қамтамасыз ету мәселесін де реттеп жатырмыз,- деді әкім.
Ербол Ізбергенов жауапты мамандармен бірігіп, 33, 28А, 12 және 15 шағынаудан қазандықтардың құрылысымен танысты.
Айта кетейік, жоғарғы шағын аудандарды салынатын қазандықтарды тұрақты газ желісімен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы Ақтау-Аэропорт жоғары қысымды газ құбырынан 15 шағынаудан газ тарату пунктіне дейінгі жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды.