Биыл 9 ай ішінде Маңғыстау облысынан 70 мың тонна ауа ластаушы зат шығарылды. Ал жалпы ел бойынша шығарындының көлемі 900 мың тоннаға жеткен. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері облыс тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңінен 31,1 пайызға жоғары. Жауапты мамандар аталған шығарындылардың өсу себебін көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын игеру және қолданыстағы кен орындарында мұнай, газ өндірудің ұлғаюымен байланыстырып отыр.
Сонымен қатар кездесуде Ақтау қаласының атмосфералық ауасы ластанғаны айтылды. Дегенмен министрлік өкілдері мұны облысқа тән ауа-райының салдары деп баға беруде.