Жаңаөзен қаласына жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева іс-сапармен келді. Гроссмейстер оқушылар шығармашылық үйінің кішкентай шахматшыларымен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Жаңаөзенге іс-сапармен бару - Бибісараның өз қалауы. Мақсаты - жас өрендердің шахматқа қызығушылығын арттыру әрі оларға білгенін үйрету. Наурызда шахматтан ҚР чемпионаты өтеді. Чемпионатқа қатысуға 215 адам ниет танытты, алайды 100-ге тарта қатысушы ғана іріктеуден өтті. Жаңаөзендік шахматшылар біраз жетістіктерге жетіп жүр. Бұл бізді қуантады. Биыл облыстық деңгейде 3-4 турнир өткізуді жоспарлаған едік, - деді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының президенті, атқарушы директор Фатима Елбаева.
Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион атанған спортшыны қала әкімнің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, білім бөлімінің басшысы Өсербай Табынчаев және қала жастары қарсы алды. Олар әлем чемпионына алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.