Ақтауда 32 в шағынауданының тұрғындары екі күннен бері ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шағынаудандағы 10 үй жанындағы құбырдан шыққан ақаудың салдарынан бірнеше үй ауыз және ыстық сусыз қалған. Тұрғындар шағым түсіргеніне қарамастан аталған мәселе әзірге шешімін таппады.
Сонымен қоса, көпқабатты үйдің әжетханасына да ауыз су тартылғандықтан тұрғындар «жинап алған бар ішер суымызды амалсыздан әжетханаға ағызып отырмыз» деп ашуланып отыр. Аталған ықшамаудандағы тұрғынүйге қызмет көрсетуші Асмир ЖШС-де бұл ақауды жөндейтін арнайы мамардар мен техникасы жоқ. Тіпті, тұрғындармен де кері байланысқа шықпаған. Бұл 10-үй жанындағы ақау бірнеше айдан бері қайталанса, жөнге келтірілмеді.
«Жаз бойы МАЭК-тің қалаға суды жеткілікті өндіре алмау салдарынан судың қысымы аз болды. Енді күн суытқанда осылай халықты әбігерге салып отыр», - дейді 10 үйдің тұрғындары.