Маңғыстаулық шаруалар ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кездесуде шаруалар ҚТЖ арқылы жем-шөп, ауыл шаруашылығы өнімін тасымалдау тарифін ретке келтіруді, "Ауыл аманаты" бағдарламасының ережесін өзгертіп, жеңілдетуді сұрады.
- Бағдарлама ережесі бойынша 12 құжат болатын. Бұл қарыз алушының кепілдігі өзінің мүлкі болса, ал қарыз алушы өзгенің мүлкін кепілдікке қоятын болса, онда жинақтайтын құжаттары да көбейеді. Ал автокөлікке қатысты кепілдік мерзімі - 2 жыл. Дегенмен шілде айында ережелерге өзгеріс енгізілді. Қазір несие алушы тек 8 құжат тапсырады, бизнес жоспар керек емес, - деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Ташимов.
Сондай-ақ тұрғындар өңірде түйе шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстардың көзге көрінбейтінін тілге тиек етті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жергілікті әкімдік пен шаруа қожалықтары бірлесіп, түйе шаруашылығын дамытуға арналған нақты жоспар, тиімділігін арттыру үшін бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Вице-министр Ербол Тасжүрековтың мәлімдеуінше, үш жылдың ішінде 1 трлн теңге қаражат ауыл шаруашылығына бөлінген. Былтыр 450 млрд теңге, биыл 425 млрд теңге қарастырылған. Басты мақсат - азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін жою.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі жоспар өзектендіріліп, 2025 жылға қарай қуаттылығы 528,8 мың тоннаға дейін ұлғайту қарастырылған. Сондай-ақ қазіргі уақытта инвестициялық субсидиялау ережесіне шығындарды өтеу нормативін қолданылатын сақтау технологиясына байланысты 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізілуде, - деді Е. Тасжүреков.
Ербол Тасжүреков кездесу барысында алдағы қыстауға жем дайындау процесін жандандыруды тапсырды. Оған қоса ҚТЖ арқылы тасымал тарифін ретке келтіруді пысықтайтынын айтты.