Елордада өткен айтулы шараға Маңғыстау облысы Өңірлік кеңесі мүшелері мен ӨКП директоры Рашит Мұстапаев қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шарада ҰКП трансформациялауды 284 делегат қолдады. Енді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Абай, Жетісу, Ұлытау облысында өңірлік филиалдары жұмыс істейді. Мұндай шешімді палатаның Х съезінің делегаттары шығарды.
Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков өңірлік кәсіпкерлер палатасын құру бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау міндеттерін іске асыру үшін қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезіне орай бизнес өкілдеріне үндеу жолдады. Президент Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән берілетінін айтып, Кәсіпкерлер палатасының отандық бизнестің бәсекелік қабілетін арттырудағы маңызына тоқталды. Ел басшысының құттықтауын съезде премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев оқып берді.
Президент өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқаратынын атап өтті.
«Құрметті съезге қатысушылар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінің ашылуымен құттықтаймын. Отандық бизнес еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша ықпал етеді. Біз нарықтық экономика құрып жатырмыз. Сол себепті өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқарады. Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән беріледі», – делінген Президенттің құттықтауында.
Мемлекет басшысы соңғы он жылда осы саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе өсіп, 34 процентке жеткенін атап өттті. Бүгінде бизнесте 3,5 миллионнан астам адам еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, президент Ұлттық палатаның алдында нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұрғанын жеткізді.
«Осы уақыт ішінде ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды. «Атамекеннің» микро және шағын бизнесті қолдаудағы, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда басымдық бере отырып, жасап жатқан ауқымды өзгерістері еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге толық сай келеді. Сіздердің алдарыңызда мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыру, нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұр», – деп жеткізді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев палата отандық кәсіпкерлерліктің бетке ұстар өкілдері мен шағын және орта бизнес субъектілері арасында өзара тиімді ықпалдастық орнатып, үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. Микро және шағын бизнес өкілдерін тексеруге жарияланған мараторий тағы бір жылға ұзартылғанын да атап өтті.