Жол талғамайтын көлікті тізгіндеген жасөспірім жүргізуші тәртіп сақшыларының талабына бағынбады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтың полиция департаментіне сілтеме жасап.
7 ақпан күні таңғы сағат 04:30 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері 30 және 19 шағын аудандар арасындағы жолдың бойында жол ережесін бұзып келе жатқан Toyota Prado маркалы көлікті байқайды.
Полицейлердің көлікті тоқтату туралы бұйрығына бағынбай, жауапкершіліктен қашып құтылмақ болған жүргізуші көп ұзамай 30-шағын ауданда қосымша полиция күштерінің тартылуымен тоқтатылды.
Тексеру барысында көлік жүргізушісі 13 жастағы жасөспірім екені анықталды.
Патрульдік полиция қызметкерлері жас жүргізушіні кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға берді. Жасөспірімнің заңды өкіліне баптың 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды.