29 қараша күні Маңғыстауда «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауы өтеді. Қатысушылар 10 аталым бойынша бақ сынайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Ақтау студенттер Альянсы» ҚБ директоры Гүлмира Бурхандинованың айтуынша, байқауға 30-ға жуық студент өтінім берген. Олар «Жыл студенті – 2022», «Үздік белсенді студент», «Үздік мобилограф», «Үздік спортшы», «Үздік өнерпаз», «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы», «Үздік ақын», «Үздік ерікті», «Үлгерімі бойынша үздік студент» және «Үздік суретші» бойынша құжат тапсырды. Сонымен қатар шара барысында «Үздік спорттық оқу орны» номинациясына ие болған білім ордасы марапатталады.
«Аталған байқау көп жылдан бері енді өткелі жатыр. Негізгі мақсат – студенттердің белсенділігін арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу, жастар арасында мәдениетті дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттыру. Жалпы биыл «Ақтау студенттер Альянсы» Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе көптеген шара ұйымдастырды. Ең негізгісі осы байқау болғалы тұр. Себебі студенттердің белсенділігі сарапқа салынады және студенттердің алға жылжуына себепші болады», - дейді Гүлмира Бурхандинова.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Жылдың үздік студенті» арнайы жобасы аясында мәдени және спорттық шаралар өткен болатын. Енді ертең байқаудың қорытындылау кеші сағат 15:00-де «Достық үйінде» өтеді.