Ақтауда қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған «Қорғансыздың күні» драмасының премьерасы өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
-Бұл драма Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» әңгімелерінің қосындысы. Бұл қойылымда кішкентай адам тағдыры, оның ішкі жалғыздығы мен трагедиясы бейнеленеді. Мұнда жетімдік тақырыбы бар қасіретімен ашылып көрсетіледі, - деді Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры директорының орынбасары Тоқтамұрат Тілеу.
Оның айтуынша әженің рөлін 20 жылдан бері театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген актриса Анар Бейсенбина сомдайды.
-Бүгінде әже рөліне түсу мен үшін оңай болды. Өйткені мен 3 әженің тәрбиесін көрдім. Қазақ қоғамында ұлы Абайды, Шоқанды әжелері тәрбиелеп өсірген. Сол себепті біздің қазіргі қоғамға мейірімін шашатын, ұрпақтың тәрбиесін қолына алатын әжелер қажет. Ал, бүгінгі қойылымда қорғансыз жандардың жай күйін ашып көрсететін боламыз, - деді Анар Бейсенбина.
Театр әртісінің айтуынша, қазіргі таңда белең алып жатқан қорғансыздар жайы көрермендердің жүрегін ерекше сезімге бөлеп, өзіндік ой түюіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қойылым Н. Жантөрин атындағы музыка және драма театрында 21 желтоқсан күні сағат 19:00-де өтеді.