Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев жол жөндеу жұмыстарының сапасына мән беруді тапсырды. Бұл туралы қала әкімі қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен өткен жиналыста айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұханның айтуынша, жыл басынан бері Ақтау қаласының 19А және 33 шағын аудан аралығындағы қолданыстағы №25 автожолын кеңейту жұмыстары аяқталды.
-Ал 16-12 және 13-17 шағын аудан аралығындағы №20 автомобиль жолын кеңейту және қайта құрылымдаудың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Өткен жылы автомобиль жолының инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен «Рауан» тұрғын-үй массивінің ішкі автомобиль жолы құрылысы аяқталып қабылданды, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.
Қала әкімі бөлім басшысына жол жөндеу кезінде сапаға басты назар аударуды тапсырды.
-Қала жолдарында кептеліс туындамау үшін жолды кеңейту қажет. Бірақ жолды кеңейту кезінде жасыл-желектерді сақтап қалуды да ойлау керек. Егер де ағашты алып тастау қажет болса — мердігер мекеме арнайы техникамен ағашты басқа жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуі керек. Сонымен қатар жолды жөндегенде оның сапасына мән беру қажет, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жалпы қала бойынша 71 жол қиылысы және 15 жаяу жүргінші өтпесі бағдаршаммен реттеледі. Қазіргі таңда жол қиылыстарындағы бағдаршам бағаналарына қайталау бағдаршам көзін(дублирующий) орнату бойынша мердігер мекемемен келісім-шарт жасақталды. Аталған жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталады. Әкім қалада жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамды жолдың екі жағына да орнатылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
-Қалада көлік жүргізушілерімен қатар жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасау керек. Қала аумағында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдарды жолдың екі жағына да орналастыруды тапсырамын. Сонымен қатар жол бойынша басқа қалалардағы үздік тәжірибелерді қарастыру керек,- деді қала әкімі.