
Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен жас қызметшілерге ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы семинар өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілі Нұргүл Мұқатай, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша филиалы басшысы Асқар Жақсыбаев, «Маңғыстау облысы жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова және жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиында спикерлер жас мемлекеттік қызметшілерге ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын түсіндірді. Қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
-Семинардың мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Шара қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен «Маңғыстау облысы жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қоғамдық қор мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүзеге асырып жатқан шараларына мониторинг жүргізеді, - деді «Маңғыстау облысы жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.