Ақтауда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері, Сержан Шәкіраттың "Халық күйшісі халыққа шығады" күй кеші өтті.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері ат салысты.
Сексеннің сеңгірінен асқан күйші киелі сахна төрінде өнерсүйер қауыммен қуана қауышып, домбыра көмейінен төгілген күй күмбірімен көрермен көңілін тербеді. Қазақ халқының дәстүрлі күйшілік өнерінің көрнекті өкілі Сержан Шәкіраттың өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін көрмеден де халықтың біршама рухани олжаға кенелгендігі сөзсіз.
"Қазақта "пенде маңдайына жазғанын көреді" деген аталы сөз бар. Біз қанша пайымдағанмен, Жаратқанның дегені болары хақ. Кезінде Қаршыға Ахмедияров оқуға әнші, Ғафиз Есімов домбырашы боламын деп барған. Өзіңізге мәлім, бүгінде елге екі тұлға да өзге қырынан танымал. Сержан ағамыз да бір сөзінде негізгі мамандығының журналист екендігін айтқан еді. Бүгінгі кеште бұл кісінің орындаушылық шеберлігімен қатар кәсіби әртістігіне куә болдық. Елдің ортасынан шығып талай додаларда топ жардыңыз.Қасиетті домбыраның тілін тауып, сөйлете білген сізге мың алғыс. Сіздің өміршең өнеріңіз өскелең өрендерге өнеге",-деген облыс әкімі сырбаз өнерпазға сый-құрметін танытты.
"Сержан ағамен көп жылдардан бері араласып келеміз. Сонау бір жылдары Махамбеттің 200 жылдық мерейтойына арнап өткізілген "Жебелі жеті күй" атты фестивальде қазылар алқасы құрамындағы кіл марғасқалардың легінде осы ағамыз болды. Ағамыздың асқан күйшілігімен қоса жазбагерлігіне дау жоқ. Төрт кітаптың авторы. Қаламынан туған сатиралық сықақ әңгімелері республикалық басылымдарда жиі жарияланатын. Бүгінгі кеште Сержан ағамызды Жазушылар Одағының мүшелегіне қабылдамақпыз",-деген Ұлықбек Есдәулет күйші иығына шапан жапты.
Басқосуда бірқатар ел аузында жүрген елеулі азаматтар сөз сөйлеп, құттықтау-лебіздерін білдірді.