
Кеше Ақтау қаласында жылдағы дәстүр бойынша 21 мамыр – Мәдениет және Өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиында мәдениет саласының ардагерлері мен өлке өнерпаздары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сан қырлы мәдениет майданының майталмандары ұлықталар ұлы кеште дәстүрлі әндерден попури шырқалып, әсем сахналық би биленіп, мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды.
Биыл өңіріміздегі мәдениет саласы қызметкерлері үшін ерекше жыл. Себебі, 29 мәдениет қызметкері ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Мәдениет министрлігінің құрмет грамотасымен 28 қызметкер, МО Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшылығының алғыс хатымен 68 мәдениет қызметкері марапатталды.
Мерекемен құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Звира Түгелқызы мәдениет саласында іргелі іс атқарып жүрген руханият сарбаздарына ұзақ та мағыналы ғұмыр тілеп, облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді.
- Бүгінгі салтанатты күнде өздеріңізді - мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Мәдениет біздің қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттік дамуымыздың басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет саласына жасалған қамқорлық - болашаққа салынған инвестиция. Төл мәдениетін, ұлттық өнерін сақтап, дамуына жағдай жасау - мемлекеттік биліктің маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс. Руханият саласына жұмсалған ресурс ізсіз кетпейді» деген сөзінен-ақ мемлекет басшысының мәдениет пен өнер саласына деген құрметі мен ықыласын тану қиын емес.
Маңғыстау мәдениеті - тарихы терең, елмен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан сала. Бүгінде облыста 2000 нан астам мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері бар екен. Бұл үлкен күш, бұл қоғамның санасы мен пікіріне әсер ете алатын зор мүмкіндік.
Облыс басшылығы ұдайы мәдениет саласын, өнер мен руханиятты назардан тыс қалдырған емес. Жаңа ғимараттар салынып жатыр, жетістіктер еселеніп жатыр. Биылғы жылы Сайөтес, Дәулет ауылынан мәдениет үйі мен кітапханасы ғимараты пайдалануға беріледі.
Келер жылы Жаңаөзен қаласынан сазды драма театрының құрылысы, Мұнайлы ауданының Атамекен ауылының мәдениет үйі құрылысы аяқталады деп күтіп отырмыз, осы бағытта жұмыстанып жатырмыз.
Қадірлі ағайын! Мереке қарсаңында Сіздерге тек жақсылық пен шығармашылық шабыт тілегім келеді, - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы.
Сондай-ақ, 20 номинация бойынша 20 қызметкерге «Мәдениет саласының үздігі» атағы беріліп, 100 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Және 35 мәдениет саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сыйақы табыс етілді.
- Бүгін өңіріміздегі Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі аталып өтіп жатыр. Өздеріңізге мәлім, құрылысшы, теміржолшы, қаржыгер, әскерилер, жалпы қай сала мамандарының мерекелік шарасы болсын, мәдениет қызметкерлері өнер көрсетіп, қызмет етіп жүреді. Сондықтан барлық әріптестерімді төл, кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өте қуанышты жағдай, өңіріміздің 400-ге тарта өнерпаздары министрлік, облыс әкімдігі, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарынан марапат алып жатыр. Мәдениет саласында үлкен жоспарларымыз бар. Сол жобаларымыздың барлығын амандықпен жүзеге асыру бұйырсын деп тілеймін. Мәдениет саласы ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын!, - деді МО Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов.