Ақтаудың 23 шағынауданындағы 101-үйдің тұрғындары 25 жыл бойы жылусыз күн кешіп келеді. 35 отбасы мекен еткен үй орталықтандырылған жылу жүйесіне мүлде қосылмаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жыл сайын әкімдіктен көмек күткен халықтың да күдері үзіліп барады. Қара суықта бүрсең қаққан халық амалсыздан баспаналарын тоқ пешпен жылытып отыр. Оның ақысы да қалтаны қағып бітті дейді тұрғындар.
Ал ас пісіру үшін газ баллон тасумен әлек. Қанша қауіпті болса да шара таусылған соң осындай қадамға бардық дейді олар.
- Әрқайсымыздың үйімізде екі-үштен газ баллон бар, тамағымызды осылай пісіреміз. 1998 жылдан бері қарай біз жылу дегенді ұмыттық. Бір жерде бір құбыр жарылды, осыдан кейін ТВС-ке де, әкімге де бардық. Олар біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп бастарын алып қашады, - дейді тұрғынның бірі Жанәлі Есжан.
Ал тоқ пеш қосып отырған әр пәтер ай сайын электр үшін 50 мың теңгеден астам ақша төлеп отыр. Жарық та үнемі өшіп қала береді дейді тұрғындар. Одан бөлек, ескірген үйдің қабырғалары сыз тартып, көгеріп кеткен.
- Қалай жекешелендірді солай суды да айырып тастады, газ онсыз да жоқ еді. 10 жыл өткен соң өзіміз ТВС-пен келісіп, ақша жинап, 2007 жылы су жүргізіп алдық. Үйімізді тоқ пешпен жылытамыз. Қыс бойы тоққа 60 мың теңгеге дейін төлейміз, - деді тұрғын Насиха Жұмашева.
Ал бұл үй 1987 жылы өңірдегі зауыт қызметкерлері үшін тұрғызылған. Алғашында жатақхана болған нысан кейін тұрғындардың атына заңдастырылған екен. Әкімдіктің де меншігіне жатпайтын үйге енді жылу жүргізудің өзі үлкен мәселе болып отыр. Мамандар бұл нысан жеке тұрғын үй ретінде рәсімделіп тұрғандықтан пәтерлерге жылу жүргізу қиынға соғып тұрғанын айтады.
- Жылу құбыры үйдің жертөлесіне келіп тұр. Бұл пәтерлер жекеменшік болғандықтан жылу жүйесін тарту жұмысы «Қайтарымды қаражат» мемлекеттік бағдарлама есебінен жүргізіледі. Үй техникалық сараптамадан өтті. Сараптама бойынша үйге күрделі жөндеу қажет деген қорытынды алынды. Жобалық сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін қаражат бөлу рұқсаты беріледі. Бағдарлама негізінде жылу жүйесін, газ жүйесін, шатырды, үйді толық жөндеуді тұрғындардың өзі таңдай алады, - деді Ақтау қалалық тұрғын- үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Сондай-ақ әкімдіктегілер газ құбырын жүргізу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеп жатқанын айтып отыр. Келер жылдың бюджетінен қаражат бөлінсе, тұрғындардың тілегі орындалмақ.
Махаббат Нұржанқызы