Тәуелсіз экологтар "Інжу-Маржан" инфрақұрылымдық-рекреациялық ауқымды кешені жөнінде өз пікірін білдірді. Олардың ойынша бұл жоба жүзеге асса, Каспий Аралдың кебін киіп, тағдырын қайталауы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстың үйлестіру кеңесінде ұсынылған жоба таныстырылымына сүйенсек, балық өндірісінің кластері мен теңіз портының құрылысын қамтитын инфрақұрылымдық-рекреациялық кешеннің құны 239 миллиард теңгені құрайды. Қаржының 20 пайызын шетелдік инвестициядан тарту көзделген.
Кешенді жобаның бірінші кезеңінде "Інжу-Маржан" сорына су құйып, содан кейін арналарды қазып, Ащысор аймағында Шығанақ құру ұсынылады. Бұл аумақта келер жылдан бастап балық шаруашылығын дамыту және туристік нысандар салу жоспарлануда. 2024 жылы бастау алатын екінші кезеңде аталған аймақта мұнай құю айлақтары бар терең теңіз портының құрылысын жүргізу жоспарланған. Үшінші кезең аясында Қарақия ойпатының белгілі бір бөлігін теңіз суымен толтыру көзделген. Су толтырылған дала мен ойпатта шипажайлар, қонақ үйлер, аквапарктер, су асты мейрамханалары бар жасанды аралдар, яхта клубы, сүңгуірлнр мектебі, сарқырамалар мен бақылау алаңдары, геотермалдық ауруханалар мен ойын алаңдарын қамтитын курорт құру жоспарлануда.
Ескере кетер дүние, жоба бойынша ешқандай қоғамдық тыңдаулар өткізілген жоқ. Алайда Қарақия ойпаты мен Қаракөл көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Экологтар су басқан Ащысорда курорт салу пен мұнай құю айлақтары туралы терең теңіз порты құрылысын жүргізу жөнінде көптеген сауалдары бар екендігін айтады.
Ащысор ойпатында күн радиациясының жоғары деңгейі , шаңды дауылдар, жылдық және тәуліктік температураның күрт құбылуы тіркелген, ойпатта жауын-шашын мөлшерінің аз, мұнай және газ кен орындары, фосфорит пен уранның, құрылыс материалдарының кен орны барланған.
Уран кен орындары "Жасанды теңіздің" болашағына алаңдаушылық пен күмән тудырады.
Жобалаушылардың облыс аумағындағы үшінші теңіз порты туралы жоспарын эколог Кирилл Осин сынға алды. Ол "жасанды теңіз" бен портты күтіп-ұстау мәселесіне назар аударды.
"Ойпат теңіз деңгейінен төмен орналасқан, сондықтан оны су басу үшін арналарды қазып алу ұсынылады, сәйкесінше теңіз суының үлкен көлемі қажет етіледі. Бұл Каспий деңгейіне кері әсерін тигізеді, теңіз деңгейінің төмендуіне сеп болады",– дейді экологтар.
"Егер бұл жоба Каспий деңгейінің көтерілуі кезінде ұсынылса, түсінуге болар еді. Бірақ қазір керісінше теңіз деңгейінің төмендеуі тіркелген. Каспий Жайық пен Еділден су алмайды! Осы орайда Аралды еске түсірген жөн, өйткені шенеуніктердің кінәсінен Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін", - дейді" EcoJer " қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.
Сонымен қатар, Каспийде жоспарланған барлық ауқымды жұмыстар трансшекаралық аспектіде қаралуы тиіс, өйткені бұл Каспий жағалауында орналасқан елдердің теңіз деңгейіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, экологтар "жасанды теңіз" Маңғыстаудың климатына да кері әсерін атап өтті.
"Ақтауда жаз ылғал, ал қыс аязды. Егер "жасанды теңіз" жасаса, булану мен ылғалдылық деңгейі одан да артады. Бұның салдарын логикалық тұрғыдан түсіну үшін ғалым немесе зерттеуші болудың қажеті жоқ", - деп атап өтті Әділбек Қозыбақов.
Экологтар болашақ су тоғанын жасау үшін оның аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне толыққанды ғылыми зерттеулер, экспедициялық жұмыстар қажет екенін атап өтті. Өйткені, сирек өсімдіктер немесе жануарлар болуы мүмкін. Зерттеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Әділбек Қозыбақов атап өткендей, үйлестіру кеңесінде талқыламас бұрын бұл жобаны жұртшылықпен талқылау қажет болды, бірақ ол орындалмады.
"Сонымен қатар, қоғамдық тыңдаулар зерттеуден кейін де қажет. Олар алдын-ала жасалуы керек, ал жобаны 2023 жылы жүзеге асыру көзделген. Сондай - ақ, заң бойынша қоғамдық тыңдаусыз мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын алу мүмкін емес", - деп толықтырды эколог.
Болашақ жасанды теңіз жобасының әлеуметтік аспектісін де ескерген жөн. Егер инвестор жобаны жүзеге асырса, мемлекет инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізеді: газ, жарық, су тартады, жолдар салады. Бірақ эколог бұл үшін үлкен қаражат жұмсауды жөнсіз деп санайды.
"Ақтау сусыз отыр, өйткені коммуникациялардың тозығы жеткен. Яғни, бұл жобаны жүзеге асыру үшін алдымен қолда бар дүниелерді ретке келтіру керек", - дейді "Эко-Маңғыстау" ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин.
Үйлестіру кеңесінің хаттамасы бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдарға "Маңғыстаудың инфрақұрылымдық-рекреациялық кешені (Інжу-Маржан)" жобасын қосымша мұқият пысықтау, ҚР экология, су, жер, табиғи ресурстар, мәдениет және басқа да салалардағы қолданыстағы заңнаманың қатаң сақталуын ескере отырып, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыру , Үкіметке, орталық мемлекеттік органдарға бірқатар нақты ұсыныстар енгізе отырып, аталған жобаны іске асыруды одан әрі пысықтау тапсырмасы берілді.