
Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясының мамандары қызмет көрсетуші мекеменің және тұрғындардың негізгі міндеттерін түсіндірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Айдар Ыбрайдың айтуынша, тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу тұрғындар мен қызмет көрсетуші мекеме арасында жүзеге асырылады. Көппәтерлі тұрғын үй – ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне дербес шығатын жерлері бар екі және одан көп пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде біртұтас іргетасы бар жеке тұрған ғимарат. Ал оған қызмет көрсететін мекемені тағайындау немесе босату тұрғындардың шешіміне тікелей байланысты.
- Кіреберістер мен дәліздер кондминиум объектісінің ортақ мүлкі болғандықтан, ол тұрғындардың өздеріне тиесілі. Тұрғын үйді басқару мақсатында тұрғындар жиналыс ұйымдастырып, 51% (келісім берген немесе бас тартқан) арқылы шешім қабылдайды. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 42-1 бабына сәйкес, тұрғындар жиналыста кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді қарап шешімдер қабылдайды. Ортақ мүлікті күтіп-ұстау, тазалығын сақтау, жарықтандыру, жылына төрт рет жертөле үй-жайларын дезинфекциялау, дезинсекциялау, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтарды күзгі-қысқы кезеңдерге дайындау жұмыстарына қызмет көрсетуші мекеме жауапты. Аталған жұмыстар бойынша қандай да бір кемшіліктер туындаса, тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеден соны талап етуге құқылы. Сонымен қатар, мүлік иелері бірлестігі ай сайын тұрғындарға есебін беруі керек, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Айдар Ыбрай.
Тұрғын үйге қызмет көрсетуші «ФД-Компани» ЖШС техник маманы Гүлшат Ерғалиеваның айтуынша, сапалы қызмет алу үшін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеге ай сайынғы төлемін міндетті түрде уақытылы төлеп отыруы керек.
- Сапалы қызмет алу үшін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеге ай сайынғы төлемін міндетті түрде уақытылы төлеп отыруы қажет. Ал қызмет көрсетуші мекемеде міндетті түрде тәжірибелі мамандар болуы керек. Атап айтқанда, қызмет көрсетуші мекеме тұрғын үйді күтіп ұстау үшін слесарь-сантехник, күндіз және апаттық жағдайда көмек көрсететін диспетчерлер, электр маманы, аула және подъезде тазалық жұмыстарын жүргізетін мамандармен қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ, барлық тұрғындар үнемі қызмет көрсетуші мекеме өкілдерімен тікелей байланыста болу керек, - деді Гүлшат Ерғалиева.