
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев қаладағы заңсыз құрылыстарды бұзу мәселесін қозғады. Сонымен қатар, кез келген мәселені қарастырған кезде ең бірінші тұрғындардың қауіпсіздігін ескеру керегін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бүгінгі таңда ғимараттың қай шағынауданда орналасқанына қарамастан, тұрғындар құрылыстың сапасына наразылықтарын білдіруде. Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды: құрылысқа кім рұқсат берді және неге жергілікті әкімшілік бұл процесті басынан бастап қадағаламады?
Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру мақсатында көптеген нормативтік құқықтық актілерді оңтайландыру жүргізілді. Объектілерді қабылдау кезінде мемлекеттік комиссияның күші жойылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан бизнес-объектілерді рұқсатсыз тексеруге тыйым салатын мораторий қабылданды. Сондай-ақ, көптеген қызметтер бәсекелестік ортаға берілді. Бұл тізімге қоқыс шығару және абаттандыру жұмыстары сияқты коммуналдық қызметтер де қосылды.
Осы жеңілдіктерге қарамастан, тұрғындар арасында наразылық азаймай тұр. Мұнда бизнес өкілдерінің жауапкершілігі қайда екендігі туралы сұрақтар туындайды. Бұл тұрғыда бірқатар мәселелер бар.
Мысалы, құрылыс саласын алайық. Бізде қажетті келісу құжаттары мен бекітілген жобалары жоқ заңсыз құрылыстардың саны көп. Мұнда үйлердің сапасы тұрмақ, тұрғындарға қауіпсіздік мәселесі қарастырылмаған. Тіпті үйлердің арасындағы қашықтық нормалары да сақталмайды. Автотұрақтар, балаларға арналған ойын алаңдары, шұғыл эвакуация кезінде жиналатын орындар, тіпті қоқыс жәшіктерін қоятын орын жоқ.
Жақында жаңадан салынған тұрғын үйдің бірінде болған өрт оқиғасы автотұрақтардың тиісті санының болмауы, өрт сөндіру машиналарының өтуіне кедергі келтіретінін көрсетті. Мектептер мен балабақшаларға арналған жерлерге көп қабатты тұрғын үйлердің салынуы да алаңдаушылық туғызады.
Ғимараттарды сүру кезінде біз олардың көрші нысандарға қаншалықты тығыз орналасқанын, зақымдану қаупі бар ма соны қараймыз.
Көп адамда құрылыс алғаш басталған кезде мемлекеттік органдар қайда қарайды деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, мемлекеттік органдар рейдерлік жұмыс жасамайды. Тіпті заңсыз құрылысты сүру үшін мемлекеттік органдар барлық заңдылықты сақтайды. Яғни жіті тексеру жұмысын жүргізеді. Ең алдымен құрылыс компаниясына хабарлама жіберіледі, айыппұл салынады. Осыдан кейін соттың бірнеше сатысынан кейін ғана объект заңды емес деп танылады және оны сүруге жібереді. Бұл процеске кем дегенде алты айға жуық уақыт кетеді. Бірақ осы уақыт ішінде құрылыс салушы компания заңдылықты сақтамай, үйдің 5 қабатын тұрғызады.
Заңсыз құрылыс мәселесін шешу үшін әртүрлі ведомстволардың, оның ішінде құқық қорғау органдарының өкілдерін қамтитын ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді.
Ведомствоаралық комиссия жұмысының мақсаты тұрғын үйді бұзу емес, керісінше, негізгі міндет заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Комиссия түрлі мердігерлік мекемелерге тиесілі құрылыс объектілерін қарайды және оларға техникалық тексеру жүргізу, сондай-ақ сараптамадан өту туралы нұсқама берді. Бұл әдіс құрылыс компанияларына өз құжаттарын заңнамаға сәйкес реттеуге мүмкіндік берді.
Кейбір құрылыс салушылар заңсыз объектілерді салып, үлескерлерді тартуға рұқсаты жоқ болса да, үлескерлерді тартып соңында оларды мемлекеттік органдарға қарсы қою арқылы манипуляциялайды. Басқаша айтқанда, құрылыс компаниялары үлескерлерді мемлекеттік органдарға қысым жасаушы ретінде қолданады. Яғни, компаниялардың пікірінше, жергілікті органдар қажетті құжаттарды өздері дайындап, жинау керек. Құрылыс салушылар өздері реттеу керек құжатты мемлекеттік органдарды халықпен қорқытып жасатқысы келеді.
Бұл жерде кейбір құрылыс компанияларының жауапкершілігі жоқ екенін ескеру керек. Яғни кейбір компаниялардың өкілдері құжаттама мәселелерін шешу үшін қажетті шараларды қабылдамайды. Ал бұл заңсыз құрылысқа әкеледі.
Көптеген құрылыс компанияларының ұстанымы жауапкершілікті мемлекеттік органдарға беру екенін байқаймыз. Ертеңгі күні үй құласа да, оларға бәрібір сияқты. Осылайша, егер біз заңсыз құрылыс объектілерін заңдастыру процесін бастауды шешсек, бірінші қадам әрбір осындай объектіге техникалық сараптама жүргізу керек. Бұл жұмыстар әр құрылымның қауіпсіз немесе қауіп деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен қала тұрғындары үшін қажет. Ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету!», деп жазды қала әкімі Ұлықбек Тнәлиев өзінің фейсбук парақшасында.