
Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясының мамандары қызмет көрсетуші мекеменің және тұрғындардың негізгі міндеттерін түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің маманы Айдар Ыбрайдың айтуынша, қала тұрғындары тұрғын-үй мәселесіне сәйкес өз құқығы мен міндетін білуі қажет. Тұрғындардың ортақ мүлкіне жертөледегі инженерлік желілер, тұрғын-үйдің төбесі, баспалдақ және лифт жатады.
-Тұрғын-үй - бұл тұрғындардың ортақ мүлігі. Яғни оған жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өздері жүргізуі қажет. Ортақ мүлікке жертөледегі инженерлік желілер, тұрғын-үйдің төбесі, баспалдақ және лифт жатады. Ортақ мүлікті күтіп-ұстау, тазалығын сақтау, жарықтандыру, жылына екі рет жертөле үй-жайларын, паркингтерін және басқа да ортақ пайдалану орындарын дезинфекциялау, дезинсекциялау, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтарды күзгі-қысқы кезеңдерге дайындау жұмыстарына қызмет көрсетуші мекеме жауапты. Аталған жұмыстар бойынша қандай да бір кемшіліктер туындаса, тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеден соны талап етуге құқылы. Сонымен қатар, қызмет көрсетуші мекеме тоқсан сайын, яғни үш айда бір рет тұрғындарға есебін беруі керек, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің маманы Айдар Ыбрай.
Тұрғын үйге қызмет көрсетуші «Ихсан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Зәмзәгүл Ихсанның айтуынша, сапалы қызмет алу үшін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеге ай сайынғы төлемін міндетті түрде уақытылы төлеп отыруы қажет. Жалпы қызмет көрсетуші мекеме тарапынан екі құжат жасақталады. Олар: тарифтік смета және есеп беру үлгісі. Тарифтік сметада пәтердің шаршы метріне бекітілген баға көрсетіледі. Бұл тарифте дәліз тазалығы, дезинфекция, көгалдандыру, жарықтарындыру үй айналасын тазалау, балалар алаңын сырлау, жертөледегі құбырларды жөндеу қарастырылған. Ал есеп беру үлгісінде тоқсандық түсім және шығын, жұмысшылардың айлығы, қандай қызмет жасалғандығы, тұрғындардан жиналған қаражаттың қайда жұмсалғандығы көрсетіледі.
-Сапалы қызмет алу үшін тұрғындар қызмет көрсетуші мекемеге ай сайынғы төлемін міндетті түрде уақытылы төлеп отыруы қажет. Тарифттік сметадан бөлек, тұрғындардан жиналған қосымша қаражат есебінен тұрғын-үйдің жертөлесіне сорғы(насос) және басқа да қажетті құрылғылар алынады. Сонымен қатар, тұрғын-үйіңіздегі штраба, жылу радиаторы ол тұрғын-үйде тұрып жатқан барлық тұрғындарға тиесілі. Ортақ мүлікке жөндеу жұмыстарын қызмет көрсетуші мекеме жүргізу үшін тұрғындардың рұқсаты керек. Барлық тұрғындар үнемі қызмет көрсетуші мекемемен тікелей байланыста болу керек, - деді Зәмзәгүл Ихсан.