Бүгін Ақтау қаласы 33 шағынауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қолжетімді баспана» бағыты бойынша салынып жатқан «Аққу-3» тұрғын үй кешенінің және «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынатын нысандардың сапасына бақылау жасау туралы кеңес өтті.
Кеңеске Ақтау қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының» «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Қолжетімді баспана» бағыты бойынша» құрылған комиссия тобы, тұрғын-үй кешенінің мердігерлері және авторлық, техникалық қадағалаушы мамандар шақыртылды.
«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының жанынан құрылған комиссияның міндетінің бірі – қаладағы құрылыстарды тексеру. Мұнда Аққу-3 тұрғын-үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс келесі жылы аяқталуы тиіс. Жыл аяғына дейін 412 млн теңге игерілу қажет. Жалпы жобаның құны - 8 млрд 900 млн теңге. Жоба бойынша 800-ден астам пәтер тапсырылады. Бұл пәтерлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Қарадық, көрдік, құрылыс жүріп жатыр. Өкінішке орай алғашқы екі жыл уақытында қаржыландырылмағандықтан аздап кешіктіру бар. Мердігерлердің айтуынша келесі жылы уақытында тапсырылады. Бұдан кейін де бақылайтын боламыз», - деді 13-ші учаске бойынша Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Қуаныш Есетов.
Айта кетейік, Аққу-3 тұрғын-үй кешінінің құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында басталған. Құрылысқа 2016 жылы - 624 млн теңге, 2017 жылы 3 276,2 млн теңге, биыл 3 175,6 млн теңге бөлінген.
«Мұнда 667 пәтерлі 8 үй салынып жатыр. Мердігерлер - «ЕвроСтрой» ЖШС, «Альянс Строй ЛТД-Р» ЖШС және «Каскор СМУ» ЖШС. Үй 2019 жылдың екінші тоқсанында тапсырылмақ. Биыл құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жобаның құны – 3 млрд теңге. Оның ішінде 2 млрд 480 мың теңге мемлекеттік қаржыландыру, ал 500 мың теңге - компанияның жеке қаржысы. Сапасын авторлық бақылау жобасы, техникалық бақылау, прораб, шеберлер және өзім қадағалаймын. «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бақылау комиссиясы қадағалайды», - деді «Альянс» учаскесі ЖШС-ның директоры Рафаиль Бектемиров.
«Тұрғын үй сапасы талапқа сай деуге болады. Құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін авторлық қадағалау жүргізіп отырамыз. Жұмыс жобамызда құрылыс және монтаж жұмыстары көрсетілген. Егер құрылысшы құрылыстан бас тартса немесе құрылысқа қатысты қандай да бір ескертулер болса авторлық қадағалауды жүргізетін өндіріс журналына тіркеледі», - деді «Мұнайгазпроект Сервис» компаниясының авторлық қадағалау инженері Багдад Бисенгожиев.
Естеріңізге сала кетейік, "Аққу" кешеніне қарасты алғашқы "Аққу-1" тұрғын үйі ақауларға байланысты тоқтатылып, он жылдан кейін биыл мамыр айының басында ғана пайдалануға берілген болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ