©
Маңғыстау облысында қызметтен өз еркімен кету деректерінің көптігінен алғашқы үштікті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы - 33,3%, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы - 15%, Денсаулық сақтау басқармасы - 14,8% құрап отыр.
Ал аудандар арасында қызметтен өз еркімен кету деректерінің көптігінен Ақтау қаласы (4%) мен Жаңаөзен қаласы (4%) алғашқы орында тұр.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова қатысқан жиында айтылды.
2018 жылдың есептік кезеңінде таза ауысымдылық көрсеткіші – 27(2%) болса, 2017 жылдың көрсеткіші 59(4,4%) адамды құраған. Яғни, таза ауысымдылық былтырмен салыстырғанда 2,2 есеге азайып отыр.
Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік қызметте 90 бос орын бар, бұл штаттық бірліктің 6,7% құрайды (республика бойынша 7,1%). 2018 жылдың 1 қаңтарында бос орындар саны 159 бос орын болған. Департамент басшысы Н.Жанназарова бос орындардың азаюын айлықтың көбеюімен және түсіндіру жұмыстарымен байланыстырып отыр.
Облыс бойынша былтырмен салыстырғанда 2018 жылда тестілеуге қатысқан адамдардың саны 1421 адамға артқан. Мәселен 2017 жылдың 1 шілдесінде - 1339 адам болса, ал 2018 жылдың 1 шілдесінде – 2760 адам қатысқан.
Мемлекеттік қызметке қызығушылық білдіріп жатқан үміткерлердің саны 2,1 есеге артып отыр. Дегенмен департамент мамандары кейбір мемлекеттік мекемелерде әлі де бос орындардың барлығы алаңдатарлық жағдай екендігін айтады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Көрнекі сурет сайттың архивінен алынды