©
Кеше Ақтауда ашық аспан астындағы дала сахнасы ашылды. Жағалаудағы амфитеатрдың ұзындығы - 70 метр, 19 бағананың биіктігі - 9 метр. Заманауи үлгідегі көпфункционалды сахна 15 шағынаудандағы ұзындығы 1 км 750 метр жаңа жағалауда орналасқан. Сахнаның төріндегі орталық бағананың үстіне «Суын айғырдың» мүсіні қойылған. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, Каспий теңiзiнде су жылқысы – суын өмiр сүредi екен. Ол бiр ғасырда бiр рет жағаға шығады. Осы сәтте биеге кiсiнесе одан теңдесi жоқ тұлпар туады екен. Халық санасында жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген осы аңыздың желісі бойыша сахна төріне қойылған суын айғырдың мүсінінің биіктігі 4 метр, 20 см.
Салтанатты шараны ашқан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтауда 12 тамыз күні өтетін халықаралық шараның маңызына тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, санаулы күндерден соң бүкіл ел болып үлкен шара Каспий маңы елдерінің саммитін Маңғыстау облысында өткізгелі отырмыз. Бұл саммитке Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түркменстан сияқты 5 мемлекеттің басшылары арнайы келіп қатысады. Бұл – тарихи сипатқа ие маңызды басқосу. Сондықтан еліміз үшін нағыз тарихи сәт болатыны сөзсіз. Дәл осы Ақтау қаласында өткізілетін жиында маңызы зор құжатқа қол қойылады деген ниетпен күтілуде», - деді Ералы Тоғжанов.
Дала сахнасының ашылуына Маңғыстаудың өнер жұлдыздары, сондай-ақ Қазақстанға танымал әнші Ақылбек Жеменей арнайы қонақ ретінде қатысты. Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов ақтаулықтарға арнау арнады.
Азғантай уақыттың ішінде осы
Ақтауым жасаныпты Астанамдай.
Бес елдің саммитіне сайлануда
Бір отауға жиналған патшалардай.
Жағалауың жарқырап тұр мінекей,
Басыңа бақыт керек бақ табардай.
Байқаймын бұл Ақтауың осы жолы
Анталияны артына тастағандай! – деп жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Жаңа амфитеатр «Led-панель», заманауи жарық техникалармен қамтылған. Мұнда бір мезетте 1000 өнерпаз өнер көрсете алады. Олардың өнерін 25 мың көрермен тамашалайды. Дала сахнасында фестиваль, концерт пен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады, ал сахна астында техникалық қызметкерлер мен әртістерге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ мұнда арнайы пандустар орнатылған. Жаңа жағалауға 48 мың шаршы метр кеспе тастар төселген. Оның сахна алдындағы 3 мың шаршы метр бөлігі қызыл, көк, сары түске еніп жарқырап тұрады.
«Қаламызда мұндай ірі өзгерістер болған емес еді. Бүгін ашылып жатқан нысандар Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарына керемет тосын сый болып отыр. Жаңадан ашылған мәдени орындардың барлығы отбасымен келіп, демалуға таптырмас жер екен. Біз, ақсақалдар, өңір басшысы Е. Тоғжановтың күнделікті осында келіп, құрылысты өзі қадағалағанын жақсы білеміз. Бүгінде қаланың жаңа келбеті қалыптасты. Біз мұны ұзақ күттік. Енді біздің амфитеатрымыз, жаңа теңіз жағалауымыз бен теңізбен туыс ландшафтағы алғашқы тың жоба - жартасты соқпағымыз бар», - дейді өлкентанушы Алқажан Еділхан.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жағалауда 4 тынығатын орын (ротонда), 6 алаң (алдағы уақытта тағы 6 алаң салынады), 340 орындық, 340 қоқыс жәшігі, 4 балалар алаңы бар. Оның біреуі воркаутпен айналысып, жаттығуға арналған орын болады. Сондай-ақ 16 ескерткіш қойылған. Балалар алаңының жанына тұрғындардың тынығуына арналған орындықтар мен 4 шатыр қойылады. Құрылысқа 500 адам жұмылдырылды. Қыркүйек айының соңына дейін тағы 17 мың шаршы метр кеспе тастар төселеді деп жоспарлануда.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59243,59244,59249,59245,59246,59247,59242"]