Түнгі қала... Шамдары жарқыраған... Дәл осындай ұнайды қалпы маған. Әуеніме үйлескен түн-тыныштық Сиып кетер өзіне жарты ғалам.
М. Жұмабайқызының түнгі қала туралы өлеңі тура Ақтауды сипаттағандай. Каспий маңы елдері басшыларының саммиті қарсаңында Ақтауда теңіз жағасы абаттандырылып, халықтың көз қуанышына айналып үлгерді. Қазір шаһарда бірін-бірі толықтыратын, әрі бір мезгілде қатар екі объекті жасалып жатыр.
Жексенбі күні осы екі объектінің бірі - 15 мың адамға арналған амфитеатрдың шамдары жағылып, теңіз жағасында серуендеген халық мәз-майрам болған еді. Болашақта мұнда түрлі концерттер мен мерекелік кештер өткізіледі. Теңіз жағалауында тынығу үшін төмен қарай түсетін баспалдақ та бар. Сондай-ақ жағалауда тарихтан сыр шертетін композициялар мен мүсіндер қойылады.
Кеше теңіз жағалауындағы "Жар асты жолындағы" түрлі-түсті шамдар да жанып, халық демалатын сүйікті орынға айналып үлгерді. Екі шақырым жерден көрінетін түрлі-түсті шаммен көмкерілген жартастар түнгі қаланы одан сайын ажарландыра түсті.
Жоба бойынша мұнда жартастарды жағалай 1,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселіп жатыр. Жоба жетекшілерінің айтуынша, сүрлеу жолдың бойында 24 шолу алаңы, балық аулайтын жерлер, суға түсу орындары мен шағын су көліктері тұрақтайтын аялдамалар салынбақ. Осы жартастың түбіндегі бұрын қоқысқа толып, пайдаланылмай жатқан ұзындығы – 70, ені – 60 метр үңгір де композицияны толықтыра түспек.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59134,59124,59128,59129,59126,59125"]