Аптаның басында Жаңаөзен қалалық мәслихаттың кезекті 19-шы сессиясы өтті. №6 сайлау округінің депутаты Ғалым Байжанов жүргізген сессияға Жаңаөзен қалалық мәслихаттың 12 депутаты, қала активі мен өндірістік мекеме өкілдері қатысты. Күн тәртібіне 23 мәселе қойылып, қаралды.
Сессияда алдымен қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақтығали Базылов мінберге ша-қырылып, №4 сайлау округінен шығып қалған депутат орны үшін 25 наурыз күні өткен сайлау қорытындысын жариялап, сайланған депутатқа куәлік тапсыру мақсатында сөз берілді. Б. Базылов сайлауға түскен азаматтар мен сайлау барысы жайында ақпарат бере отырып, «Нұр Отан» Жаңаөзен қалалық филиалы ұсынған кандидат «Наладка Энерго Монтаж» ЖШС-ның коммерциялық директоры Темір Мұсаев 4295 дауыспен жеңіске жеткенін мәлімдеді. Қалалық мәслихат депутаты қатарына қосылған Т.Мұсаевқа депутаттық мандатын растайтын куәлік пен белгісі табысталды.
Куәлік тапсыру шарасынан соң сессияның күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселеге кезек берілді. Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының іске асырылуы туралы қала әкімінің орынбасары Сәбит Сейдалиев баяндады. Ол өз есебінде аталмыш жоспар 2011 жылы Үкімет қаулысымен бекітіліп (2012 жылы тиісті өзгерістер енгізілген), аясында 100 006 шараны іске асыруға 48,7 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді. Яғни, республикалық бюджеттен 32,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 7,2 млрд теңге, басқа да көздерден 9,4 млрд теңге қарастырылған.
- 2012-2017 жылдарға жоспарланған 48,7 млрд теңгенің осы күнге дейін 44,6 млрд теңгесі игерілді. Кешенді жоспарда орын алған 116 тармақтың 53 тармағы орындалып, бірқатар әлеуметтік шаралар мен 77 инвестициялық жобалар іске асырылды. Қалған 63 тармақ бойынша шаралар орындалу сатысында. 116 тармақтың ішінде Жаңаөзен қаласына тиістісі 78 тармақ, оның ішінде 37 тармақ орындалған, қалған 34 тармақ бойынша шаралар орындалу сатысында, - деді С.Сейдалиев.
Қала әкімінің орынбасарының баяндамасында төмендегідей жұмыстар жүзеге асырылғаны айтылды: Білім беру саласында 2724 орындық үш мектептің құрылысы аяқталып, 2240 орындық 7 балабақша пайдалануға беріліп, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы орын тапшылығы жойылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша жаңа қалалық перзентхана, Рахат ауылында 250 келушіге арналған емхана, Теңге, Қызылсай ауылдарында 2 дәрігерлік амбулатория іске қосылған. Ал, мәдениет және спорт саласын дамыту мақсатында Теңге, Қызылсай ауылдарында 300 орындық мәдениет үйлері салынып, 3000 орындық орталық стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, 20 орындық алаңшалар және 20 аулалық ойын алаңшалары, 2 мектеп алаңшалары салынған. Қала тазалығын сақтап, шыққан тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату мақсатында комбинат іске қосылған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін «Шаңырақ» жедел басқару орталығы салынып, материалдық техникалармен жабдықталған. Теңге мен Қызылсай ауылдарында тірек пункттері, шағынаудандарда 10 учаскелік полиция пунктері, 6 шығар жолы бар өрт сөндіру депосы, әскери қалашық, әскери комиссиариат, 2 стацинарлық постар салынып, пайдалануға берілген. Ішкі істер қызметкерлерін тұрғын-үймен қамтамасыз ету мақсатында 160 орындық 2 тұрғын үй салынған. Абаттандыру бойынша қаланың сыртқы келбетін жақсарту барысында 72 көпқабатты тұрғын-үйдің сырты сырланып, «Адайдың 60 батыры» аллеясы орнатылған. Орталық көшелер абаттандырылып, жарықпен қамтамасыз етілген. Қалаішілік автокөлік жолдары да салынып, қолданыстағы жолдар күрделі жөндеуден өткізілген. «Кендірлі» демалыс аумағына газ құбыры, Рахат ауылына сумен жабдықтау желілері салынып, қаланың төрт құбырлы жылу жүйелері толықтай жаңартылған. Орталық қазандықтағы жаңарту және кеңейту жұмыстары аяқталып, канализациялық тазарту имаратының 2-ші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізілу үстінде.
- Тұрғындар сапалы әрі үздіксіз суды пайдалануы үшін биылғы жылға өтпелі бір жоба бар. Ол су тазарту имаратының құрылысы. Аяқталу мерзімі жаз мезгілінің соңғы айы. Франция мемлекетінен екі қондырғы мердігер мекемелермен алдырылып жатыр, - деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, баяндамада кешенді жоспар шеңберінде қаражат бөлінбеуіне орай бірқатар жүзеге аспай қалған жобалардың бары да айтылды. Олар, 11-12 сынып оқушылар үшін 1200 орындық бейімдеу мектебі, қалалық кітапхана, Оқушылар сарайы, Жұлдыз, Шаңырақ, Мерей шағынаудандарында әрқайсысы 320 орындық 3 балабақша құрылысы. Оған қоса, қаржы тапшылығына орай құрылысы тоқтап тұрған 2 денсаулық саласының нысандары, бірі қалалық аурухананың терапевтік корпус ғимараты болса, екіншісі 50 төсектік орындық медициналық емдеу орталығының құрылысы.
- Қазіргі таңда, кешенді жоспарды өзектендіру ұсынылып отыр. Бұл мәселе тиісті министрліктермен қаралу үстінде. Жоспар шеңберінде орындалған жобаларды алып тастауға, іске асырылмай, мерзімі өткен жобалардың мерзімін ұзартып, жаңа жобаларды енгізуде жұмыстанып жатырмыз. Өзектендіру жұмыстарының тізбесінде атап өткен денсаулық саласының нысандарын толық аяқтап, Қызылсай ауылынан оңалту орталығын салу, Мерей шағынауданынан дәрігерлік амбулатория салу, 1200 орындық мектеп, мектеп-лицей, алаңшалар, жабық мұз айдыны, Рахат ауылына мәдениет үйін, тарихи өлкетану музейі, Теңге, Рахат ауылдарына спорт кешенін, мұрағат ғимаратын, қалалық кітапханасы бар Оқушылар сарайы, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары, бюджет саласының қызметкерлеріне 180 пәтерлік жатақхана құрылысы, өнеркәсіп кешенін дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелерге бейнебақылау камераларын орнату бар, - деп аяқтады С.Сейдалиев өз баяндамасын.
Бұл мәселе аясында №9 сайлау округінің депутаты Арғынбек Қалбаев аталмыш кешенді жоспар қаланың дамуына үлкен серпін бергенін атап өте келе, осы жоспар аясында салынған бірқатар нысандардың қазіргі жай-күйіне тоқталып өтті.
- Қалалық мәслихат депутаттары және мәслихат аппараты қызметкерлерімен бірге жұмысшы комиссиясы құрылып, бірнеше ғимараттың жағдайымен танысқан болатынбыз. Бірінші, Бостандық шағынауданындағы 2013 жылы пайдалануға берілген №20 орта мектеп. Мектептің жағдайы мынадай: жауын-шашынның салдарынан мектеп іргесінен су өтіп, қабырғаларына жарық түскен, спорт залының сыртқы қабырғасы сапасыз қапталған, қыс мезгілінде салқын, жылу болғанымен, кабинеттер жылымайды. Екінші, Мерей шағынауданындағы №20 «Нұршуақ» балабақшасы. Балабақша төбесінің жабындысы жұқа, қыс айларында салқын, жылу батареяларының көзі аздық етеді, сыртқы қабырғаларының сылақтары түскен, ойын алаңшалары толық жабдықталмаған, пандустардың қауіпсіздік тіреуіштері және автокөлік тұрағы жоқ. Үшінші, 2012 жылы пайдалануға берілген Қызылсай ауылындағы дәрігерлік амбулаториялық жаңа ғимараты. Ғимарат бөлмелерінің қабырғаларында жарықтар пайда болып, беткі қабаты түсе бастаған. Денсаулығын ойлап барған адамның өзіне қауіп төндіріп тұрған ғимарат, - деді А.Қалбаев.
Депутаттың тізіміндегі сапасы сын көтермейтін ғимараттардың кезегін тозығы жеткен, тұрғындардың тарапынан бүлінген, қараусыз қалған ойын, спорт алаңшалары жалғастырды. Бұл тарапта, А.Қалбаев мұндай сыртта орналасқан орындарды белгілі бір мекемелердің қарауына беру қажеттігін ұсыныс ретінде білдірді. Қала және оған қарасты елдімекендерде салынған учаскелік полиция пунктері де қазіргі таңда жөндеуді қажет етсе, қалаішілік автокөлік жолдардың сапасыздығы, ойылып, шұңқырлар пайда болғандығы, коммуналдық жүйелерді өткізу барысында жаңа жолдар бұзылып, қалпына келтірілмейтіндігі анықталғанын жеткізді.
- Осы айтылғандардың негізінде жаңадан салынатын құрылыстардың сапасына қатаң мән беру, кешенді жоспар аясында қаламыз үшін салынған маңызды нысандарды қаржыландыруға ұсыныстар енгізу, спорт және ойын алаңшаларын қараусыз қалдырмай, жауапты мекемелердің қарауына беру, салынатын автокөлік және жаяу жүргінші жолдарының сапасын бақылау және қолданыстағы жолдарда пайда болған шұңқырлар бойынша жұмыстар атқару қажет деп санаймын, - деді А.Қалбаев. Мәселелер слайд арқылы дәлелді суреттермен жеткізілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Жаңаөзен қаласы аумағында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға негізделіп, қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаеваның баяндамасы тыңдалды.
С.Танаева мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шаралары, қажеттіліктер мен ерекшеліктерін ескеру, еңбек етуге, ақпаратпен қамтамсыз ету секілді жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың басты назарында тұрғандығын ескерте келе, тиісінше істер атқарылып жатқандығын алға тартты.
- 2017 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығына 194 мүгедек жұмыссыз ретінде тіркелген. Нәтижесінде 37-сі тұрақты жұмысқа, қалғандары әлеуметтік, жастар практикасы, қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 9 жанға кәсіптік оқуға жолдама берілді. Яғни, 64,4% қамтылып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек көрсету аясында атаулы күндерде 4107 мүгедекке 5 айлық (11345 тг) көрсеткіш көлемінде, 16 жасқа дейінгі үйде оқитын 90 балаға да осы көлемде көмек көрсетілді. Жалпы сомасы 12 229 910 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді, - деді С.Танаева.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларына қатысты 484-і міндетті гигиеналық құралдармен, 66-сы протездік ортопедиялық бұйымдармен, 55-і техникалық құралдармен, 18-і сурдо-тифлотехникалық құралдармен, 31-і күйме арбалармен, 160-ы емдеу-сауықтыру орталықтарына тегін жолдама, бала кезден 77 мүгедек Ақтау қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету оңалту орталығына жіберілетін жолдамамен қамтамасыз етілген. Көлік ифрақұрылымына қолжетімділігін арттыру мақсатында өткен жылы 4 автокөлік тұрағына мүгедектерге арналған орын белгілері, 2 орынға дыбыстық белгі орнатылған. Жалпы, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жас шамасына және мүгедектігінің дәрежесіне қарай жеке көмекшілер қызметі, инвотакси қызметі, арнайы түзету мектеп-балабақшалары қызмет көрсетеді. Қаламызда «Алға» спорт клубы да бар. Пандустар барлық мекемелерде салынған, бірақ әкім орынбасары стандартқа сай келмейтіндігін айта кетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзендік өнерлі өрендер «Ақ көгершін» фестивалінде лауреат атанды- Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандарға қолжетімділікті арттыру мақсатында ағымдағы жылы бюджеттен 73 млн теңге қарастырып, 25 әлеуметтік нысанға пандустарды орнату үшін құжаттар әзірленуде. 1 маусымда ат үстінде балалар сал ауруын емдеу әдісін енгізіп, оқып келген үш маманның арқасында «иппотерапия» әдісін қолданамыз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, арнайы мамандар, логопед, дефектолог секілді мамандарды тарту, пандус пен дыбыстық қондырғыларды көбейту және жұмыспен қамтуды арттыру да жоспарланып отыр, - деді, С.Танаева.
Осы тұста сөз алған қалалық мәслихаттың №12 сайлау округінен сайланған депутат Айсұлу Исаева баяндамада айтылғандай тексеріс кезінде пандустардың шын мәнінде көпшілігі стандартқа сай еместігін жеткізді. Сондай-ақ, Рахат шағынауданында ақыл-есі қалыпты дамып-жетілмеген балаларға арналған мектеп-балабақша ғимаратының да жағдайы мәз емес. Облыстық білім басқармасына қарайтын мекеменің автокөліктері ескірген, балаларды таситын автобустары күніге бұзылады, пандус та жоқ. Ал, қаладағы автокөлік және жаяу жүргінші жолдарында кедергілер көп. Қорыта айтқанда, депутат бақылау барысында біршама жұмыс жасалып, тағы бірнешеуі жұмыс қажет ететіндігі анықталғанын ескерте өтті.
Сессияның келесі мәселесі 2018-2022 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласындағы апатты және тозығы жеткен үйлерді жою туралы қалалық іс-шараны келісу үшін ұсынылды. Апатты деп танылған және тозығы жеткен тұрғын-жайларда тұрып жатқан азаматтарды тұрмысқа жайлы тұрғын-үйлермен қамтамасыз ету, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарамсыз үйлерді бұзу мақсатында құжаттар жасақталып, 2022 жылға дейін жұмысты жүргізу жоспарға қойылған. Жалпы, қала бойынша 262 көпқабатты тұрғын-үй болатын болса, 59-ы тозығы жеткен, 2-еуі апатты (тиісті шаралар алынуда) деп танылған. Бұл мәселені инвестор тарту арқылы қала көркін ашатын көпқабатты тұрғын-үйлерді салып, кемінде 30 %-ын тұрғындарға беру арқылы шешу жолға қойылған.
Күн тәртібіндегі қалған мәселелер аясында Ғ.Байжанов 4-22-ші мәселеге дейін тұрақты комиссия отырысында қаралғанын айта келіп, депутаттар тарыпынан шешім қабылданды. Қалалық мәслихаттың 20 сессияның төрағалығына Ісенбай Қалдаманов сайланып, қорытынды сөз қала әкімі Әділбек Дауылбаевқа берілді.
- Бүгінгі сессияда қаралған мәселелердің барлығы маңызды, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобалар. Жұмыстар да жүргізілді, жоспарлар да бекітілді, кейбіреулерін қайта қарап, нақтылау қажеттігі тағы бар. Депуттатар тарапынан көтерілген мәселелер өте дұрыс, жасау қажет және жасалатын мәселелер, - деді Ә.Дауылбаев. Сондай-ақ, қала әкімі әрбір мәселеге, сын-пікірлер мен ұсыныстарға қатысты нақты жауабын беріп, міндетті мекемелерге кемшіліктерді жою бойынша тапсырмалар жүктеді.
Отырыста қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Байбазар Ербақы мұз айдынына, білім саласының ардагері Өтеулі Сарыбек «Адайдың алпыс батыры» аллеясына қатысты көкейдегі сұрақтарын жолдап, қанағаттанарлық жауабын алды.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ