Жуырда Маңғыстау облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданындағы №12 жалпы білім беру орта мектебінде «Мәңгілік ел жастары: индустрияға!» - «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында мектеп бітірушілерге арналған мамандықтар фестивальі кең көлемде аталып өтті.
Шараға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп, колледж директорлары, ұстаздар, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар және 330-ға жуық мектеп, колледж түлектері белсене қатысты. Сондай-ақ аталған жиында Маңғыстау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының өкілдері, депутаттар, әр саладағы жас мамандар да болды. Фестивальде өңір жастарына жоба мақсаттары айқын түсіндірілді.
- Еліміздің шығыс, солтүстік және орталық өңірлеріндегі жоғары техникалық және кәсіптік білім беру орындарында білім алуға қолдау көрсетіп, кәсіптік бағыт-бағдар беру жобаның басты мақсаты, - дейді ұйымдастырушылар.
Басқосуға келген бітіруші түлектерге ұйымдастырушы ұстаздар «Мамандықты таңдай білем бе?» атты тренинг өткізді. Онда жастар өз пікірлерін ортаға салып, түлектерге психологиялық қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар тренингтен бөлек педагогикалық, техникалық мамандықтардың қыр-сыры түсіндірілді. Аталған басқосуда жастардың қатысуымен шеберлік сыныптары, қызу пікір алмасулар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
- Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша Маңғыстау облысының 18-29 жас аралығындағы жастарды еңбек күші тапшы ШҚО, СҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарындағы 26 оқу орны мен 38 колледжінде оқытып, мамандық иесі атанған сәтте сол жерде жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында оқуға түсушілерге қойылатын негізгі талап ЖОО-да оқу үшін ҰБТ, колледжге оқуға түсу үшін емтихан тапсырады. ҰБТ өткеннен кейін аталған оқу орнының өкілдері Ш. Есенов университетіне келеді. Сол жерден оқуға түсемін деуші жастардың ойлары пысықталып, құжаттар тапсыруға кеңес ала алады, - дейді «Серпін» әлеуметтік жобасының басшысы Гүлзия Табатова.
Фестивальге 9 өңірдің оқу орындары өкілдері келді. Олар секциялық жұмыстар өткізіп, түлектер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді. Сонымен қатар қазіргі таңда «Серпін» бағдарламасы аясында оқып жатқан студенттер де бітірушілерге жобаның берері мол екендігін түсіндіру мақсатында келген екен. Олардың оқуға қалай түскендігі, оқу барысы жөнінде электронды түрде ақпараттар таратылды. Айта кетелік, өткен жылы жоба бойынша оқуға түсуге 2400 түлек құжат тапсырып, оның 600 грант иегері атанған. Биыл грант санын көбейту жоспарланып отыр.
2014 жылдан жұмысын бастаған жоба бойынша қазіргі таңда 15мың студент оқиды. Оның 12500 жоғары оқу орнында, қалғаны колледж студенттері. Оқуды бітірген маман иелерінің 90% жұмыспен қамтылған. Жоба аясында студент қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуға, сондай-ақ Польша, Чехия, Англия, АҚШ, Қытай еліне барып, оқуға түсу мүмкіндіктері де қарастырылған. Грант иегері атанған әрбір студент жатақханамен қамтамасыз етіледі. Демалыстарда үйге бару-қайту жолақылары төленеді. Бітірген түлек тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Назым Балтабаева – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. ШҚО, Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы университеті информатика мамандығының 3 курс студенті. Білікті де білімді бойжеткен «Серпін» бағдарламасы аясында оқуға түскен.
- ҰБТ-дан 65 балл жинадым. Арманым-мұғалім болу. Ұстаздарым оқуға түсерде «Серпін» бағдарламасы жөнінде ақпараттар берді. Ойланбастан «Серпін» жобасын таңдадым. Аз балл жинаған студенттерге берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Оқуға түскен әрбір студент үшін түрлі үйірмелерге қатысуға, спортпен айналысуға зор мүмкіндіктер жасалған. Бітірушілерге ойланбастан «Серпін» бағдарламасын таңдаңыздар дегім келеді, - дейді Назым Балтабаева.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзендік өнерлі өрендер «Ақ көгершін» фестивалінде лауреат атандыБағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына аз уақыт болса да қаншама жастың арманын орындап, ел жастары осындай қолдаудың арқасында өзі қалаған оқу орнына түсіп, болашағын айқын бағдарлайтындай мүмкіндік алып келеді. Кәсіби білікті маман тапшылығын жойып, жұмыссыз жастарды қызметке орналастыруға да бұл бағдарламаның берері мол.
Түлектердің қызығушылығын арттырып, мақсаттарының айқындалуына және мамандық таңдауына зор үлесін қосқан фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Оқушылар флешмоб билеп, әннен шашу шашты.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР