Кеше «Хан шахарда» геологтар күніне орай салтанатты жиын өтті. «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдастырған мерекелік кеште облыс әкімі Ералы Тоғжанов және облыстың белгілі кәсіби геологтары мен жас мамандар қатысты.
Сәуір айының алғашқы жексенбісі геологтар күні саналады. Биылғы жылы бұл күн 1 сәуірмен тұспа-тұс келіп отыр.
- Бұл күндері бүкіл Қазақстан төлмерекемізді тойлап жатыр. Күні кеше мұнайдың қарашаңырағы саналатын Атырау өлкесін осы мерекеге орай салтанатты жиын өтті. Бүгін Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау өлкесінде атап өтудің сәті келіп отыр. Геология саласында талай тер төккен ардагер ағалар пен апалар, геолог жастар, жер қойнауын зерттеп жатқан ғалымдар, зерттеу институттары мамандары! Геологтар – Қазақстанның ең бай, құнарлы кен орындарын іздеп, табиғи ресурстарымыздың көзін ашқан білікті мамандар екенін ұмытпайық. Сіздерді геологтар күнімен шын жүректен құттықтаймын! - деп алғашқы сөзін бастады Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Мұқанұлы Қуандықов.
- Геологтардың елімізге тигізген пайдасы ұшан теңіз. Бәлкім көп жағдайда көзге көрінбей қалып жатқан болар. Мұнай саласының артында қаншама тер, еңбек жатыр. Қазақстанның экономикалық хал-ахуалының жақсы болуы, тәуелсіздігіміздің арқасында көк туымыздың желбіреуі – сіздей мамандардың арқасы. Еліміздің жеңісі үшін сіздерге алғыс айтамын. Қазіргі өндірілетін мұнайдың қоры – 9 млн тонна, газдың қоры – 150 млрд текше метр көлемінде бағаланып отыр. Маңғыстауда кен орындарында орташама 550-600 млн тонна көлемінде мұнай өндірілді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыс республика бойынша алдыңғы қатарда көрініп отыр, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Мереке қарсаңында, бірқатар еңбегі сіңген геологтарға «КазЭнерджи» ассоциациясының Алғыс хаты, Энергетика министрлігінің ҚР «Мұнай саласының дамуына қызмет еткені үшін» медалі және басқа да бірқатар марапаттар табысталды.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50834,50835,50836,50833,50832"]