©
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету ісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың орындалу мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу, адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшу –уақыт талабы.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Ақтау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ВЕБ–портал және халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылдайды. Сонымен қатар сәуір айынан бастап өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылады.
- Бүгінгі таңда біздің мекеме 17 мемлекеттік қызмет көрсетуде. Өткен жылы 23490 қызмет көрсетілді, соның ішінде ХҚКО арқылы 1009, жергілікті атқарушы органдарымен 7627 мемлекеттік қызмет көрсетілді, - дейді «Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің Ардагерлермен жұмыс жасау және әлеуметтік мәселелер секторының бас маманы Жаннат Жанбұршина.
Осы бөлімге қарасты Ақтау қалалық жұмыспен қамту мекемесінде азаматтарды жұмыс іздеуші ретінде тіркеу, жұмыс іздеуші азаматтарды жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмыссыз азаматтарға жолдамалар беру сияқты 3 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жұмыссыз ретінде тіркелуші төлқұжатын көрсетіп, өтініш толтырады. Он күн ішінде жұмыс іздеуші үш рет келіп, жұмыс іздеп жүргендігінен хабардар етеді. Осы кезде тұрақты жұмыс табылмаса жұмыссыз ретінде тіркеледі. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматқа тұрақты жұмыс таба алмаған жағдайда уақытша жұмыс орындары (қоғамдық, әлеуметтік, т.б.) ұсынылады. Мамандығы сәйкес болмаса мекемелердің тапсырысы бойынша қысқа мерзімдік оқуға жолдама алып, басқа мамандық ала алады. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту мекемесі анықтамасы арқылы жұмыссыз азаматтардың Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайызбен 3 миллион теңгеге дейін несие алуға да мүмкіндігі бар.
- Өткен жылы жұмыс іздеуші ретінде 7389 адам тіркелді; 4499-ы жұмыссыз деп танылып, 2419-ына жұмысқа жолдама берілді. Биыл 2400 адам тіркеліп, 1118-і жұмыссыз ретінде танылды. 1618-і тұрақты, әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға жолдама алды,-дейді Ақтау қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры Қытай Құсайынова.
Ия, қарап жатқан адамға нәпақа көктен жаумайтыны белгілі жәйт. Әрекет қылып, жұмыссыз екеніңізді білдіріп, орталыққа бас сұғып, өтініш тастап, байланысып отырсаңыз жұмыс табуға мүмкіндігіңіз бар, жұмыссыз ретінде уақытында тіркелгендер ұтады екен. Ендеше, асығыңыз, жолыңыз болып қалар...
Болат ҮМБЕТОВ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Оқу—білім бұлағы» атты білім сайысы өтті