
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен заңсыз тасталған қоқыс үйінділері тазаланып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-Тазалық жұмыстары кезінде 35 гектар аумақтан 25 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасады. Тұрғындарды тазалық жұмыстарына ат салысуға, қоршаған ортаны аялауға шақырамыз. Осы акция арқылы біріншіден, тазарту жұмыстарын атқарсақ, екіншіден экологиялық мәдениетті таратқымыз келеді. Тазалап қана қоймай, алдын алу мәселесін жүйелі түрде іске асыру керек, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Тазалық жұмыстарына мердігер мекеменің 13 арнайы техникасы мен 10 қызметкер жұмылдырылған.
Заңсыз тасталған қоқыс үйінділерін тазалау “Өндірістік аймақ” аумақтары мен “Үлкен Оймаша”, “ПК Урожай” маңында жүргізілді.
Жанболат Жақыповтың айтуынша, заңсыз қоқыс тастаған азаматтарға әкімшілік шара қарастырылған.
-Заң бұзушылық анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік және құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылады. Сондай-ақ, тұрғындарға заңсыз әрекеттерге бармауды, үлкен көлемдегі қоқыстарды қаладан 25 шақырым жерде орналасқан арнайы полигонға шығаруды сұраймыз, - деді Ж. Жақыпов.