
Мұнайлы ауданында жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің жаңа жылдық шырша мерекесі өтті,деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шараға 250-ден аса бала қатысты. Балалардың қуанышына аудан әкімі Ержан Күмісқалиев ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде еліміздің болашағы білімді жас ұрпақтың қолында екенін атап өтті.
- Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын,- деп мерекелік лебізін білдірді.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салды.
Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Мерекелік шара соңында балаларға аудан әкімдігінің арнайы дайындаған сыйлықтары үлестірілді.
Айта кетейік, қатысқан әр балаға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.