
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев пен қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өңірді дамыту бағытында ұзақ жылдар жұмыс істеген 14 адамға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағына ие болғандарды құттықтап, алғысын айтты.
- Биыл біздің қаламыз үшін мерейлі мереке. Қаланың құрылғанына 60 жыл. Сондықтан да осы жылы көптеген мәдени, рухани әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Қала қарқынды дамып келеді. Жылдан-жылға әртүрлі әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Бұл әрине ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей қолдауымен жасалып жатқан жұмыстар. Осыған дейін жасаған жұмыстарымыздың жақсы көрсеткіштері бар. Алға қойған жоспар, мақсаттарымыз да аз емес. Келесі жылға біз арнайы инфрақұрылым мәселесін, үш ауысымды мектептердің мәселесін реттеуді жоспарлап отырмыз. Біздің басты байлағымыз - тұрғындарымыз, халқымыз. Қаланың дамуына үлес қосқан азаматтарымыз бар. Сол азаматтардың жасаған еңбектерін көрсету мақсатында дәстүрлі түрде қаланың құрметті азаматы деген үлкен мәртебе беріліп жатыр. Біздің арнайы комиссия және мәслихат депутаттары жан-жақты қарап бір шешімге келді. Еңбектеріңіз елене берсін, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Мушахан Алапанов екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында еңбек еткен тыл ардагері. Ол 5 мамыр 1932 жылы дүниеге келген. Бүкіл саналы өмірін өңірдің мемлекеттік байланыс саласын және мұнай өндірісінің байланыс саласын дамытуға арнаған. Ерен еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Дәметкен Урымбаева 20 ақпан 1939 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын білім саласынан бастап, кейіннен мемлекеттік қызмет саласында қалтқысыз қызмет еткен білікті тәлімгер. Ұзақ жылдардағы сүбелі еңбектері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Сүлеймен Бердәулетов 1941 жылы дүниеге келген. Ғалым, білікті дәрігер, хирург, онколог, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Денсаулық ісінің үздігі, 60-қа жуық ғылыми жұмыстардың авторы, еңбек ардагері, өлке медицинасының майталманы.
Ақтау қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі Жоламан Байғожаев. 1 қазан 1943 жылы дүниеге келген. Қаланың құрылыс саласында, мұнай өндірісінде жүк тасымалдаумен айналысқан. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалының белсенді мүшесі.
Өрен Сағындықов 20 сәуір 1946 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облысында мұнай және газ кенорнын өндіруге көп жылдар бойы еңбегі сіңген мұнай саласының ардагері. Бірнеше мұнай мекемелерін абыроймен басқара біліп, өндіріс орындарының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етті.
Әлеуметтік еңбек саласының үздігі Күнзира Айтбатырова 1947 жылы 15 шілдеде дүниеге келген. Әлеуметтік салада, халыққа қызмет көрсету саласында ұзақ жылдар еңбек еткен мемлекеттік қызмет саласының ардагері. Әлеуметтік салаға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасымен», «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Дәуіт Нукенов 23 қараша 1949 жылы дүниеге келген. Мұнай саласын дамытуға елеулі үлес қосқан еңбек ардагері, техника ғылымдарының кандидаты, өндірістік және ғылыми қызметтерімен ел дамуында өзіндік үлесі бар. Маңғыстау политехникалық колледжін он алты жыл басқарып, «Білім саласының үздігі» марапатына ие болған.
Маңғыстау және Бейнеу ауданының құрметті азаматы Қаржаубай Аққұлов 1953 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Қазіргі таңда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтау қалалық филиал төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен марапатталған.
Досымбек Бегалиев 17 тамыз 1953 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі қызмет майоры, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жөнінде өз міндеттерін мүлтіксіз орындаған ішкі істер органдарының ардагері. «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін I, II, III» дәрежелі медальдарымен марапатталған.
Жаңбырбай Матаев 5 наурыз 1963 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы. 2013 жылдан 2022 жылға дейін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен», 2014 және 2021 жылдары «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалдарымен марапатталған.
Ольга Хныкина 2 қазан 1953 жылы дүниеге келген. 1994 жылдан бастап Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Радуга» балалар шығармашылығы студиясының жетекшісі. Педагогикалық және ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында шығармашылық ұжымы республикалық және халықаралық дәрежедегі үздік наградаларға ие. «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Марат Сабырбаев 12 қыркүйек 1953 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облысының сот жүйесінің ардагері, сот әділдігін жүзеге асырудағы судьялық адал да әділетті сіңірген еңбегі үшін бірнеше марапаттардың және «Құрмет» орденінің иегері.
Марапатталушылардың бірі - Тілеп Баймағамбетов. 31 желтоқсан 1955 жылы дүниеге келген. «Қамқор қауымдастығы» заңды тұлға және жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына, тұрғын-үй заңнамаларын реформалау қызметіне үлес қосып, Қазақстан Республикасының тұрғын-үй заңнамаларын реформалау комитетінің мүшесі болған.
Мұқтар Джулдасов 16 тамыз 1962 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облыстық «Каратэ-до кекушинкай федерациясының» басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 7 әлем чемпионын дайындап еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының спорт қайраткері» атағына ие болған.
Сондай-ақ, шара барысында қала әкімі шаһардың дамуына үлес қосқан жандарды мерекелік 60 жылдық медалімен марапаттады.