Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасының нысандарымен танысты. Олардың ішінде Ақтаудағы қалдық қоймасы мен теңіз порты бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Маңғыстау облысына сапары барысында олигополия бағыты бойынша өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген "Ақтау теңіз сауда порты "ҰК" АҚ жұмысымен танысты.
Сапар барысында тауарлардың экспорты мен импортын жүзеге асыруды кедендік бақылау саласының қызмет көрсету бөлігіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне назар аудара отырып, ағымдағы өндірістік көрсеткіштер және контейнерлік хаб құру жоспарлары туралы мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, жұмыс тобы "Қошқар ата" қалдық қоймасына барды.
Агенттік өкілі экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген "Қошқар ата" радиоактивті қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Жобаның бірінші кезеңін іске асыру үшін республикалық бюджеттен 17 млрд. теңге қарастырылған.
Кездесу барысында ЖСҚ-да көзделген рекультивация алаңын 4 279 гектардан 1 344 гектарға дейін қысқарту кезінде жоба сомасын 17 млрд. теңге көлемінде өзгеріссіз қалдыру мәселелері мен себептері талқыланды.
Саян Ахметжанов елді мекендерді қоқыстан тазартуға және оны қайта өңдеуге, көгалдандыруға, мұнай-газ секторының өнеркәсіптік объектілері шығарындыларымен байланысты тәуекелдерді анықтау үшін мониторингтік жұмыстар жүргізілетінін атап өтті, сондай-ақ қоғам өкілдері мен осы саланың мамандарын осы жұмысқа тартуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл ішінде "Қошқар-Ата" қалдық қоймасын рекультивациялауды аяқтауды тапсырғанын атап өткен жөн.