Акция нәтижелерін осы салаға жауапты мекемелердің өкілдері арнайы жиында талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали, «Әділдік жолы» РҚБ Маңғыстау облысы бойынша филиалы басшысы Асқар Жақсыбаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының орынбасары Берік Ізғалиев, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директоры Айбек Ануарбеков, Прокуратура, Полиция, Көлік инспекциясының өкілдері мен БАҚ саласының мамандары қатысты.
Акция барысында жол сапасына қатысты келіп түскен шағымдарды ескере отырып, объектілерге бөлінген қаржы, жол салу, жөндеу мен жауапты мердігер мекемелердің жұмысына қатысты талқылау жүрді.
- Әділдікті талап ет» акциясы аясында Маңғыстау облысы бойынша 263 ақпарат келіп түсті. Түскен ақпараттардың басым көпшілігі Ақтау, Жаңаөзен қалалары және Мұнайлы ауданына қатысты болды. Негізінен, бұл көрсеткіш басқа аудандарда тас жолдың сапасы жақсы деген сөз емес, тек ол аудандардағы азаматтардың науқан бойынша төмен белсенділік көрсеткендігі деп білуге болады, деді Асқар Жақсыбаев.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали жол сапасына қатысты мониторинг жұмыстарына тоқталды.
Ол «Жол сапасы - өзекті мәселе. Агенттіктің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген сала. Жолдар мен инфрақұрылым бағыты бойынша Департамент мониторинг жүргізеді, оның ішінде Бейнеу – Шалқар жолының құрылысы да қарастырылады деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, жиында акцияның жүргізілуіне белсенді атсалысқан еріктілер мен бірлестік мүшелері марапатталды.
Айта кетейік, акция кезінде автожолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылды.