Кеше «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйгенің сегізінші күні қорытындыланды. Маңғыстаулық шабандоздар екінші орында келе жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Он екі күндік аламан жарыстың сегізінші күні шабандоздар Сыр еліне аялдады.
Бәйгеге қатысушылар күніне 100 шақырыммен 800 км қашықтықты еңсерді. Ең алғаш мәре сызығынан Тараз қаласының шабандоздары аттады. Ал екінші Маңғыстау облысының, артынша Түркістан облысының аттары келді.
«Ұлы Дала Жорығы» елде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Марафон-бәйгеге Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарының шабандоздары бақ сынап жатыр.
Марафон-бәйгенің соңғы аялдамасы - Түркістан қаласы. Осы ретте Түркістан қаласына рекордтық қысқа мерзім ішінде жетіп, топжарған команда «Ұлы Дала Сарбазы» атағын иеленеді. Оған 30 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені алады. Ал екінші, үшінші орындарды иеленген командалар 20 млн теңге және 15 млн теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады.