Аймақта 444 адам әлі декларация тапсырмаған. Бұл туралы mangystaumedia.kz облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстан бойынша 11 мыңнан астам адам құжат өткізілмеген. Биыл 572 мыңнан астам жеке тұлға кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруы тиіс.
Негізінен мемлекеттік құжатты жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген адамдар тапсыруға міндетті.
Ал декларацияда салықтық шегерімдер, күнтізбелік жылы үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алынған кірістер, мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару немесе өтеусіз алу, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі немесе жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі, шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша және Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік көрсетілуі тиіс.
2021 жылы жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясын (250.00-нысан) ұсынған адамдар 2022 жылы кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынуы тиіс.
Егер декларация уақытында тапсырмаса, мемлекеттік кірістер органдары алғашында ескертумен шектеледі («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 1-тармағы).Ал ескерту берілгеннен кейін бір жыл ішінде жеке тұлға тарапынан қайта заң бұзушылық орын алса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Яғни, 45 мың 945 теңгені құрайды. («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 2-тармағы).