2019 жылы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген "Абыз Әбіш" кітабының толықтырылған үшінші нұсқасы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кітаптың авторы - қарымды қаламгер, тәжірибелі журналист, мәдениеттанушы Сауытбек Абдрахманов. Өскелең өрен өмірлік өнеге тұтар рухани қазынаның алғысөзін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.
Ұлт руханиятының өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлғаның әлемдік ауқымдағы ойшылдығы туралы толымды толғаныстары топтастырылған құнды еңбек маңғыстаулық оқырмандардың, нақтылар болсақ Әбіштің ұрпағы Абыл немересінің талап-тілегі бойынша қайта басылып отыр. Қазақстан Республикасының Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік сыйлығын иеленген жинақ жаңа басылымында бірқатар тың материалдармен толықтырылған. "Ұлылық ұлағаты", "Мәдениет мәйегі", "Өнер өрісі", "Тіл тартысы", "Тәуелсіздік толғауы", "Тарих тағылымы", "Әдебиет әлемі", "Өлке өрнегі", "Төрт толғау" тарауларында жазушының кемел ой-өресі, рухани сақилығы мен өнер, мәдениет, саясат саласындағы түпсіз терең телегей білімі кеңінен көрініс тауып, айшықтала суреттеледі.
Абыз феноменінің алуан қырын зерттеу нысанына айналдырған 600-беттік ауқымды еңбектің 1000 данасын танымал руханият жанашыры, меценат Бекет Тұрғараев Әбіш Кекілбаевтың жерлестеріне - кезінде өзі жұмыс істеген Маңғыстау облысындағы асыл азаматтарға тарту етіп ұсынады.