Кеше 26 шағынаудан "Достық" сауда үйі алаңында Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кезекті "Кеңес алаңы" жобасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кеңес алаңында" №2 Ақтау қалалық емханасының терапевт, педиатр, психолог дәрігерлері келді. Олар алаңға келген әрбір тұрғынға тегін кеңес беріп, қан қысымын өлшеп, қажетті ақпараттарды ұсынды.
Сонымен қатар жоба аясында 40 жастан асқан ерлер мен 30 жастан асқан әйелдер онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтау үшін жүргізіліп жатқан скринингтен өтті. Маманның айтуынша, өз еркімен 40-тан аса адам қан тапсырып, ондағы холестерин мен қант мөлшерін тексертіп алды.
"Аурудың басым көбі қандағы холестерин мен қанттың шектен тыс көбеюінен пайда болады. Сондықтан тұрғындар екі жылда бір рет тексеріліп, уақытылы анализ тапсырып, жүрек қан тамырлары аурударының алдын алу қажет. Бірақ тұрғындар емханаға келмейді. Сондықтан көшпелі "Кеңес алаңы" арқылы тұрғындармен тілдесіп, түсіндіру жүргізіп, скринингтен өткізіп жатырмыз", - дейді №2 Ақтау қалалық емханасының медбикесі Мөлдір Убайдулла.
Мұнан бөлек тұрғындар терапевт маманға шағымын айтып, толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Шара барысында психологқа келушілер қатары да көп болды. Психолог Бибинор Иманалиеваның айтуынша, бір жарым сағат ішінде 30 шақты тұрғын мәселесін айтып, шешім іздеген. Көбі тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер мен зиянды әдеттер, балаларына алаңдаумен келген. Сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты да ішкі көңіл-күйін жеткізген.
Жалпы "Кеңес алаңы" жобасы аясында 200-ге жуық тұрғын медицина мамандарынан тегін кеңес алды. Алдағы уақытта аталған шара өз жалғасын табады.