Бүгін Ақтау халықаралық әуежайында ресейлік туристерді бауырсақ ұсынып, гүл шоқтарымен қарсы алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Туристердің айтуынша, олар Маңғыстаудың бай тарихи мұрасына, географиялық ерекшеліктеріне, табиғатына, сондай-ақ тамаша жағажайына қызығып келген.
- Бұл – менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Әрине, ұшар алдында Маңғыстау туралы қолда бар ақпараттарды оқып, фотосуреттер мен бейнероликтерді көрдім, әдемі жерлер мен пейзаждар ерекше әсер етті. Теңізге ғашық болдым. Мұнда сегіз күнге келдік. Алда керемет демалыс болады деп ойлаймын, - деді Ирина Мазитова.
Татьяна мен Михаил Широбыровтар да Қазақстанға алғаш рет келіпті.
- Біз бағаларға таңғалдық, қонақүй де өте ұнады. Отбасылық демалысты көптен жоспарлаған едік, балаларымызбен бірге келдік. Бізді өте жақсы қарсы алды, - деді Михаил Широбыров.
"Anex tour Kazakhstan" ЖШС Бас директоры Эльдар Мусаоғлы Маңғыстаудың отандық, сондай-ақ шетелдік туристер үшін де тартымды тұстары барын айтады.
- Біз туристерді тарту үшін, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. "Rixos Water World Aktau" мен ресейлік туроператор бірлесіп үлкен жұмыс атқарып жатыр. Біздің рейстер туристер легін арттырды. Екатеринбург пен Мәскеуден келген алғашқы туристер өте риза болды, оларға жағажай ғана емес, батыс аймақтың көрікті жерлері де ұнады. Бозжыра, Ақтау қаласына жасаған экскурсиялар және керемет жағажай келушілердің көңілінен шықты. Оларға қызмет көрсету деңгейі де ұнады. Бұл – біздің Уфадан келген алғашқы чартерлік рейсіміз. Әзірге аптасына бір рет қатынап жатыр, болашақта ұшу жиілігін арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді "Anex tour Kazakhstan" ЖШС Бас директоры Эльдар Мусаоғлы.