11 маусымда 07:46-да Ақтау қаласындағы 2 ш/а 47в, 8 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы пәтерде тұрмыстық заттар өртенгендігі анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өрт аумағы 0,5 шаршы метрді алған.
— Құтқарушылардың көмегімен 35 жастағы үй иесі құтқарылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өрт 08:09-да сөндірілді.
Шақырту орнына ТЖД-ның 9 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жіберілді, — деді Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Пірімжан Дінмұхаммед Ғалымжанұлы.
Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігін сақтаудың қарапайым қағидаларын ұсынады:
- Тоқтан болатын өрттердің негізгі себебі - ол қысқа тұйықталу, яғни желінің шамадан тыс жүктелуі. Осындай жағдайлар болмау үшін, электр сымдарын дұрыс жағдайда ұстау керек. Ал қысқа тұйықталудан және желінің торда шамадан тыс жүктелуінен болатын өрттің алдын алу үшін, тарату қалқаншасында міндетті түрде зауытта жасалған сақтандырғыштар болуы қажет;
- Егер электр желісіне жуан сымнан қолдан жасалған сақтандырғышты қосса, онда қысқа тұйықталу кезінде ол ерімейді. Олай болса «қорғанысы» істемейді және желі тоқтың астында қалады. Осындай жағдайда сымдар ерігенше қызады, от айналадағы жанғыш заттарға таралып, өрт шығады. Сондықтан әрқашанда тек зауытта жасалған сақтандырғыштарды қолдану қажет;
- Қысқа тұйықталу электр сымында болуы мүмкін. Сондықтан ол дұрыс жағдайда болуы керек. Өрт электршамнан да болуы мүмкін, оның вольфрам сымы қызған кезде көп жылу шығарады. Өрттің алдын алу үшін, электр шамдары қағаз және мата абажурларға тимеуі қажет;
- Сондықтан желіге қосылған қондырғыларды қараусыз қалдыруға және оларды кішкентай балаларға тапсыруға болмайды. Сонымен қатар, перделер, ағаш қалқа және т.б. оңай тұтанатын заттардың қасында оларды қосуға болмайды.