Облыс әкімінің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қала, аудан әкімдері, т.б. қатысты.
Отырыста «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін енгізу» жобасын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардың инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ интеллектуалды бейнебақылау жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев осы жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды.
Осы жылдың 4 айында 42 900 құқық бұзушылық анықталып, құқық бұзғандарға 300 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Соның ішінде жол ережесін бұзған жүргізушілер 218 миллион теңге әкімшілік айыппұл арқалаған. Сонымен қатар 232 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынған.
Бүгінгі таңда облыста жол ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде есепке алатын 19 техникалық құрал жұмыс істейді (Ақтау қаласында – 16; Жаңаөзен қаласында – 3).
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев елді мекендер арасындағы жолдарға интеллектуалды бейнебақылау жүйесін енгізуді жеделдетуді тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.