Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасын дайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Субсидиялар тауар өндірушілердің азық сатып алуға кеткен қаражатын өтеу арқылы балық шаруашылығы өнімінің құнын төмендетуге бағытталған.
- Бекіре тұқымдас балықтар мен олардың будандарының азығын сатып алу шығыстарына – 9600 мың, балық өсіру материалын сатып алу шығыстарына – 600 мың, дәрілік препарат сатып алу шығыстарына – 100 мың, балық басын көбейтетін аналық балық үйірін сатып алу және оларды бағу шығыстарына – 200 мың теңге бөлінді, - деді Арман Молдашев.
Спикердің мәліметінше, 2021 жылы 5 сәуірде ҚР Үкіметінің Балық шаруашылығын дамытудың республикалық бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама бойынша, балық өсіру көлемін 2030 жылы 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл үшін 1000-нан астам жаңа балық өсіру шаруашылығын құру керек.
Сонымен қатар, өңірдегі балық аулау ісіне тоқтала кетті. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 2021 жылдың шілдесінен 2022 жылдың шілдесіне дейін 9357 тонна балық аулауквотасы бөлінген. Мамыр айына дейін квотаның 1803,7 тоннасы, яғни 19,3%-ы игерілді.
- Облыста кәсіпшілік балық аулауға болатын аймақтың ұзындығы - 1350 шақырым. Осы аумақтардағы учаскелерде квота бойынша заңды түрде балық аулауға болады. Теңіз жағалауында Түпқараған және Қарақия ауданында 6 балық шаруашылық аймағы, 33 кәсіпшілік балық аулау учаскесі бар. Оның 27 учаскесі 19 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Облыс бойынша 6 учаске резервте, - деді Арман Молдашев.