Жыл басталғалы Маңғыстау облысында 1 200 бала өмірге келген. Оның ішінде 25 егіз бар. Бұл туралы «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Кенесханқызы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осы апта ішінде облыста бір тәулікте 4 егіз дүниеге келді. Егіз туған ананың бірі – Әйгерім Нұраддинов. Ол салмағы 1 900 г және 2 кг екі ұлды табиғи жолмен босанды. Айтуынша, бұл ананың алғашқы балалары.
«Алғаш рет ультрадыбыстық зерттеу жасағанда, яғни 3 апта болған кезде егіз екенін естідім. Бірақ сенбеген едім. Алғашқы балаларым болғандықтан ерекше сезімдемін. Қазір балалардың да, менің де жағдайым жақсы», - дейді Ақтау тұрғыны Әйгерім Нұраддинова.
Жалпы Маңғыстау облысы соңғы 5-6 жылда туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр.
«Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Кенесханованың айтуынша, былтыр орталықта 8 808 бала дүниеге келсе, соның 169-ы – егіз.
«Биыл екі айдың көрсеткіші бойынша 1 200 әйел босанды. Соның ішінде 25 ана егізді туды. Маңғыстау облысында табиғи туу көрсеткіші, табиғи өсу көрсеткіші жоғары. Ал жақында егіз босанған 4 ананың үшеуі үйге шығарылды. Қазір бір ана мерзімінен бұрын босануына байланыста орталықта жатыр», - деді орталық директоры Ж. Кенесханқызы.
Мамандар егіздерді босану ана үшін күрделі екенін айтып отыр.
«Себебі екі баланың басы әрқашан бірдей келе бермейді. Кейде бір баласы баспен келсе, екінші баласы жамбаспен немесе көлдеңен келеді. Егіздер көбінесе бір балаға жүктілікке қарағанда мерзімі 40 аптаға жетпейді. Әдетте ана 37-38 аптада босанады. Егер де бірінші босанудың бірінші кезеңі ешқандай өзгеріссіз болса, босанудың екінші кезеңі ұзағырақ болады. Сондықтан бұл процесс ана үшін де, дәрігерлер үшін де маңызды», - дейді Жапырақ Кенесханқызы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА