Ұлттық жол сапа орталығының сарапшылары Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Танымдық кездесуде орталық атқаратын қызметін баяндап, Қазақстанда жолшы мамандықтары бойынша маман тапшылығын айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жол активтері ұлттық сапа орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі оқушы - ертеңгі жас түлек. Сондықтан балалар өмірлік мамандық таңдауда қателеспеу керек. Маңғыстау облысында 148 мектеп бар. Былтырғы жылдың өзінде 101 мектепке арнайы бардық. Танымдық кездесулер онлайн және оффлайн форматта өтті. Биыл осы жұмысты жаңа қарқында жалғастыруды көздеп отырмыз» - дейді сарапшы Мерей Әлиев.
Ел бойынша жол салушы әрі жөндейтін мекемелерге құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашылар, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар тапшы. Сонымен қатар геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер мен жол шеберлері жетіспейді.
Ұлттық жол сапа орталығының барлық өңірдегі филиалдары жергілікті колледж-университеттермен келісімшарт жасап жатыр. Соңғы 3 жылдан бері студенттерді 6 айлық ақылы өндірістік тәжірибеден өткізіп, тұрақты жұмыс ұсынып та отыр.
Мәселен, Маңғыстау политехникалық колледжін аяқтай сала қызметке алынған жастың бірі Оразалы Ақылбеков. Ол өзі оқыған «Автомобиль жолдары және аэродром құрылысы» мамандығы бойынша Ақтаудағы мекеме ұжымына қосылды.
«Мұнда 3-курстан бастап келдім. Ақылы өндірістік тәжірибе сағаттары былтыр мамырдан бастап желтоқсанға дейін созылды. Көп нәрсені үйрендім десем де болады. Көп балалы отбасынан шыққан соң, мен сияқты студентке айына 80 мың теңгедей шәкіртақы берілгені қатты қуантты. Оқудан алған сабағымды бұл жерде өзім тәжірибеде істеп көріп, біліктілігімді шыңдадым. Түрлі сынама жасау жолдарын үйрендім» - дейді ол.
Жол сапасын бақылаушылар әр ай сайын жоғары сынып оқушыларымен Zoom арқылы танымдық кездесулерді де өткізіп келеді.