Маңғыстауда коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған дәрі-дәрмек қоры 2-3 айға жеткілікті. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Елдеш Қосмағанбетов хабарлады.
Оның айтуынша, медициналық мекемелердің берген ақпаратына сәйкес, қазір өңірдегі дәріханалар мен емханаларда дәрі қоры толық. Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.
- Облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Қоймалардағы дәрі дәрмек жеткілікті. Сонымен бірге көтерме саудада 1 млн. жуық бетперде, бөлшек саудада 500 мыңға жуық медициналық бетперде бар. Жалпы, өңірде 20 көтерме сауда қойма және 495 бөлшек сауда (дәріханалар) объектілері кәсіпкерлікпен айналысуға лицензия алған, соның ішінде бүгінгі таңда 8 көтерме сауда қоймасы нақты қызмет етіп тұр және 324 дәріханалар мен пунктер бар,-деді Елдеш Қосмағанбетов.
Спикер тұрғындар ҚР ДСМ бекітілген заңнамалық құжаттарға сәйкес (осал топтағы тұрғындар, диспансерлік есепте тұрған науқастар тегін кепілдендірілген көлем шеңберінде және әлеуметтік сақтандыру шеңберінде) дәрі-дәрмектің 5 түрімен тегін қамтамасыз етілетінін атап өтті. Олар: парацетамол, ибупрофен, апиксабан, ривароксабан таблеткасы мен дабигатран капсуласы.
Сондай-ақ, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін және дәрі бағасын қадағалау үшін «Dari.kz» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Аталған қосымшада ҚР мемлекеттік тіркеуінен өткен 6478 дәрілік препараттардың тізімі бар. Сондай-ақ, сол препараттардың бағасы да көрсетілген. Айта кетейік, егер сіздің алғалы жатқан дәріңіз сол қосымшада белгіленген бағадан қымбат болса, сол қосымшаның ішінде ұсыныс пен шағым жазуға немесе департаментке хабарлама беруге болады.