Үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кездесуде Ақтау қаласының бастамашыл тобымен келіссөздер барысында қабылданған шешімдер жарияланды. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз"ҰК АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды.
Сондай-ақ, алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпау туралы кепілдік берілді.
Сондай-ақ, тараптар туындаған барлық мәселелерді сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келісті.
Еске салайық, Жаңаөзен мен Ақтаудың мыңдаған тұрғыны жаңа жылдан кейін бағасы күрт шарықтап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, көшеге шыққан болатын. Олар жолдарды жауып тастаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тиісті тапсырма берді. Өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары өз бастамасымен газ литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарған.