Ардақты ағайын!
Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес.
Дүбірге толы дүние екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелді. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тыңнан түрен салып, демократиялық даму жолына түстік. Артта қалған 30 жылдың жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінгі әлемдік кеңістікпен үндестік тауып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында көптеген тамаша табыстарға қол жеткізіп отыр.
Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылған жылдарында еліміз адам нанғысыз жетістіктерге жетіп, дамудың үлкен белесін бағындырды.
Тәуелсіз еліміздің әлем картасында өз орнын алып, жер-жаһанға танылуында оның іргетасын қалап, шекарасын шегендеген Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Бүгінде Елбасының сындарлы саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарда көзделген межелерге жету жолын айқындап берді.
Бүгінде әрбір саналы ел азаматы «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдарды қоя алады. Бұл сұрақ осы отырған әрбіріңіздің де көкейіңізде туындайды.
Егемендіктің алғашқы жылдары Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі болды. Ештеңе оңайға соққан жоқ. Дегенмен жоспарлы жұмыс, сарабдал саясаттың арқасында мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ең бастысы біз, мемлекеттігімізді орнықтыру мен қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын айқындап берген тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, өз Ата Заңымызды – Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдадық. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды.
Талай буын көксеген ел мұраты ақталып, еңсесін тіктеген еліміз 30 жылда биік белестерді бағындырды.
Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау өңірі де толағай табыстарға қол жеткізді. Басты жетістігіміз – өңір тұрғындарының саны екі есе өсіп, бүгінде облыс халқы 730 мыңға жетті. Бала туу көрсеткіші артты. Халық санының көбеюіне байланысты қалаларымыз өсіп, жаңа ауылдар пайда болды.
Тәуелсіздік жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласында да оң өзгерістер орын алды. Балабақшалар саны 3 есе артып, 101 мектеп пен 17 колледж ашылды. Денсаулық сақтау саласында да жоғары медициналық технологиялармен қаруланған, тәлімі зор, тәжірибесі мол мамандары бар 150-ден астам емхана, ауруханалар ашылды. Жедел-жәрдем автопаркі 100%-ға жаңарды.
Тәуелсіздік жылдарының тағы бір жемісі - Маңғыстаудың шекаралық облыс ретінде транзиттік, көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуеті артты. Ел астанасынан шалғайда, түбекте жатқан Маңғыстауда темір жолы, теңіз және автомобиль жолдары қатар дамып, бүгінде тоғыз жолдың торабына айналды.
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет Кавказ, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жаңа бағыт ашылды. Көк теңіздің жағалауында қазақтың екінші теңіз порты бой көтерді. Құрық портындағы темір жол паромымен қатар автомобиль паромының ашылуы облыс үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін маңызды қадам болды. Себебі, киелі Маңғыстау өңірі халықаралық транспорттық логистиканың бөлігіне айналды.
Үш мемлекетті (Қазақстан, Түркіменстан, Иран) жалғайтын «Өзен-Горган-Берекет-Этрек» темір жолы іске қосылды. Ғасыр жобасына баланған «Бейнеу-Шалқар» темір жолы ел игілігіне берілді. Өңірде жүздеген шақырым автомобиль жолы салынды. Бүгінде жол сапасы бойынша Маңғыстау облысы Республикада алдыңғы қатарда тұр.
Құрметті жерлестер!
Біздер ата-бабаларымыз арман еткен бостандықты ту етіп, ел тыныштығын, бірлігін сақтап жүрген ұрпақпыз. Осы бостандық туын құлатпай кейінгі ұрпаққа табыс етуге міндеттіміз. Келешегіміз кемелді, болашағымыз жарқын болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңыз шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!
Ізгі тілекпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрлан Ноғаев